«Жол қызметтері жол апатынан кейін трассаны толықтай тазалап, қозғалысты қалпына келтірді», — деп хабарлады «ҚазАвтоЖол».
Ұлттық жол операторы республикалық трассаларға шықпас бұрын, олардың жағдайы туралы алдын ала мәлімет алу үшін 1403 нөміріне хабарласуды ұсынады. Бұл Қоңырау орталығы тәулік бойы жұмыс істейді және қажетті ақпаратты уақытылы жеткізуге дайын.
2025 жылдың 15 қаңтары күні таңғы сағат 07:30 шамасында «Алматы — Өскемен» автожолының 28-шақырымында 18 автокөліктің қатысуымен жаппай жол апаты болды. Оқиға қалың тұман жағдайында орын алған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жүргізушілер жылдамдық режимін бұзып, қауіпсіз арақашықтықты сақтамауы нәтижесінде апатқа жол берілген.
Жол қозғалысы қазір қалпына келтіріліп, трасса толықтай ашық. Жүргізушілерге сақтық шараларын қатаң сақтауға кеңес беріледі.