«ЖКО саны бойынша Алматы облысы екінші орында, ал өлім-жітім бойынша елімізде көш басында», — делінген Алматы облысы прокуратурасының хабарламасында.
Өткен жылы облыс аумағында 1700-ден астам ЖКО тіркелді, онда 2369 адам зардап шекті, 300-ден астам адам қаза тапты, оның 30-ы балалар.
Облыс прокуроры Берік Адамов іске асырылып жатқан жоба аясында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ететін түбегейлі шаралар қабылданатынын атап өтті. Қазірдің өзінде әр ауданда прокуратура, полиция, әкімдік және қоғам қайраткерлері қатарынан мобильді топтар құрылды. Жол апаттарының алдын алу үшін нақты шаралар қабылдау үшін жолдардың проблемалық учаскелері анықталатын болады.
Полиция департаментінің бастығы Бауыржан Әленов облыс полициясы жолдар мен көше-жол желісіне 1270 тексеру жүргізгенін хабарлады. Қорытындысы бойынша 1276 ұйғарым енгізілді, автомобиль жолдарын күтіп ұстау жөніндегі талаптарды орындамағаны үшін 164 лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Жолдардың қауіпті учаскелерінде 29 аппараттық-бағдарламалық кешен орнатылды, қосымша 120-дан астамын орнату жоспарлануды. Жоба бес бағыт бойынша іске асырылатын болады. Бұл ЖКО себептерін анықтау және жою, рейдтік іс-шаралар жүргізу, жол қозғалысы ережелерін сақтауды насихаттау, проблемалық учаскелерде аппараттық-бағдарламалық кешендерді орнату, қолданыстағы заңнаманы жетілдіру.
Жобаға облыстың бей-жай қарамайтын тұрғындары қатыса алады. Ол үшін жол белгілерінің, жарықтандырудың, бағдаршамдардың болмауы, қарды уақтылы жинамау, сапасыз құрылыс, автожолдарға қызмет көрсету және жөндеу, жолда малдың болуы туралы фото және бейнематериалдарды арна жеделхатында жіберу қажет (+7-777-012-35-91).
Прокуратурада адам өліміне әкеп соққан Республикалық маңызы бар автожолдың жол жамылғысының мұзға айналуын уақтылы жоймау фактісі бойынша «ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ лауазымды тұлғаларына қатысты Қылмыстық Кодекстің 353-бабының 3-бөлігі (көлікте қолданылып жүрген ережелерді бұзу) бойынша, сондай-ақ қар тазалау техникасымен жеткіліксіз жарақтандыру және басқа да бұзушылықтар мәселесі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын прокурорлық қадағалау актісі еске салды.