Жаркенттен Алматыға жолға шығып, бір айдан кейін өлі күйінде табылған ер адам туралы жаңа мәліметтер белгілі болды.
Бұған дейін 1969 жылы туған, Алматы облысы Қоянқұс ауылында тұратын Ерсын Қалиасқаровтың 2024 жылғы 8 желтоқсанда Жетісу облысы Жаркент қаласынан Алматыға шығып, жоғалып кеткені туралы хабарланған болатын.
Жоғалған азаматты туыстары іздестіріп, еріктілер де қолдау көрсеткен. Алайда 31 желтоқсанда ер адамның өлі табылғаны белгілі болды.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, 55 жастағы ер адамның денесі 30 желтоқсанда Жаркент қаласындағы зират маңынан табылған. Денесінде көзге көрінетін жарақат белгілері болмаған.
«Аталған жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары басталды. Өлімнің нақты себебі анықталып жатыр», — делінген полиция департаментінің хабарламасында.