Шара аясында жастар істері жөніндегі комитет төрағалары кәсіби біліктіліктерін арттырып, тарихи орындарға экспедиция жасады.
Алғашқы күні ашылу салтанатына қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова жастарға сәттілік тіледі. Айтуынша, бұл слет – комитеттің тамырына қан жүгіртіп, білім ордаларында оқып жатқан дарындардың талантын ұштау үшін қызмет ететін мекеме ісін бірізді ету мақсатында ұйымдастырылған.
Слеттің бірінші күні медиа тренерлер қатысушыларға сапалы контент дайындауды үйретті. Таргетинг жарнамасы туралы кеңінен түсіндірді. Теориялық және тәжірибелік біліктіліктерін арттырды. Мұнымен қоса, мамандарға мобилография курсы өткізілді. Онда ұялы телефон арқылы жарнамалық материалдар дайындау түсіндірілді. Оқытудан кейін жастар спорттық ойындарға қатысып, өзара күш сынасты. Арқан тартыс, қол күрестен кіл мықтыларды анықтады. Ойлау қабілеттері сарапқа түскен «IQ – DODA» зияткерлік жарысы да ұйымдастырылды. Кешқұрым жалынды жастар үшін ашық аспан астында кинокөрсетілім болды.
Ал 2-ші күні «Болашақ» бағдарламасының түлегі, «Құрмет» грамотасының иегері Айгүл Ілиясова жастардың ұйымдастырушылық қабілетін дамыту үшін дәріс оқыды. Сондай-ақ PhD профессор, кәсіби тренер Мәншүк Асқарқызы психология төңірегінде, оның ішінде эмоционалды интеллект, мансаптағы өсу, тайм-менеджмент жайлы ақпарат берді.
Келесі күні қатысушылар «Таңбалы тас» регатасына экспедицияға барды. Мұнда «Табиғат жанашыры», «Экобелсенді», «Тазалық сақшысы», «Экоәлемді қорғаушы», «Жер жанашыры» номинацияларының жеңімпаздарына Алматы облысының жастар ресурстық орталығы тарапынан диплом мен бағалы сыйлықтар берілді.