Сессияда «жастар мәселелері жөніндегі саясат басқармасын» жеке орган ретінде құру үшін облыс әкімдігінің жаңа құрылымын бекіту мәселесі талқыланып, мақұлданды.
Қазіргі таңда бұл функцияны ішкі саясат басқармасына қарасты «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі атқарады. Оның аудандарда 9 филиалы бар.
Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Маупашеваның айтуынша, жастармен жұмысты жүйелі жүргізу үшін 2023-2029 жылдарға арналған арнайы тұжырымдама бекітілген. Биыл бұл салаға 448,8 млн теңге қаржы бөлінген.
Сондай-ақ ол 4 ауданда жастарға қызмет көрсету орталықтары салынып жатқанын айтты. Жалпы Алматы облысында жастардың баспаналы болуы үшін «Алатау жастары», табиғатты аялауға шақыратын «Жасыл ел», жастарды қолдауға арналған «Тәуелсіздік ұрпақтары», жас кәсіпкерлерге шағын несие беру бағдарламалары жолға қойылған. Бұдан басқа, жастардың, жасөспірімдердің бос уақытын тиімді пайдалануы мақсатында да бірқатар шаралар қабылданған.
«Енді жастар саясаты мәселелері басқармасын құру жұмысы қарқын алмақ. Іргесін жаңадан қалайтын басқарма өңірдегі қордаланып қалған проблемаларды шешеді деген сенімдеміз», — деді басқарма өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, облыс халқының 28 пайызы, яғни, 451 344-і жастар.