Алматы облысында өзекті мәселелердің бірі – ұялы байланыс пен интернеттің қолжетімділігі. Кейбір аудандарда ғаламтор желісі ұстамай, тұрғындарға қолайсыздық тудырады. Ұялы байланыс мәселесі қалай шешілуде? Байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр ма? Осы сұрақтарға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев журналист Айбар Олжайға берген сұхбатында жауап берді.
Өңір басшысының айтуынша, ұялы байланыс мәселесі алдағы уақытта толық шешімін табады.
«Әрине, байланыс операторларымен диалог бар. Соңғы серіктесіміз – Фридом Телеком. Қазіргі уақытта олар Көлсайда антенналарын орнатып, жұмысын бастады. Кейін Қапшағай жағалауына да орнатылды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс жалғасады. Бүгінде облыста толық интернетке қол жеткізілмеген 3-4 ауыл бар, олар бойынша байланыс операторларымен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Қажет болған жағдайда ұлттық оператор Қазақтелекоммен жұмысты жалғастырамыз. Алматының төңірегіндегі кей жерлерде де интернет жоқ. Бұл мәселелер алдағы уақытта жүйелі түрде шешіледі», – деді Марат Сұлтанғазиев.