Оған өңірдің 9 ауданы мен Қонаев қаласы бойынша 10 отбасы қатысып, өздерінің отбасылық құндылықтары мен шығармашылық шеберліктерін көпшіліктің назарына ұсынды.
«Отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде есігін айқара ашып енетін ортасы, өсіп, тәрбие алатын қасиетті алтын бесігі. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Алматы облысы бірлігі бекем, татулық пен достықты ту еткен отбасыларымен ерекше мақтанады. Осыған лайық өнегелі отбасылар еліміздің өркендеуі мен қоғам дамуына өз үлестерін қосып келеді», – деді облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова құттықтау сөзінде.
Тағылымы мен тәлімі мол «Үлгілі отбасы» байқауына қатысушылар ІІІ кезең бойынша бақ сынасты. Байқау шымылдығы «Өнерлінің өрісі кең» деген тақырыпта ашылды.
Салауатты өмір салтын қалыптастырып, бұқаралық спорттың дамуында да бұл отбасылардың қосып жүрген үлесі аз еместігін байқаудың ІІ-кезең «Толағай» спорттық кезеңі танытты. Бұл жарыста Ұйғыр, Еңбекшіқазақ, Райымбек, Қарасай аудандарының қатысушылары бала-шағамен белсенділік көрсетті.
Ал, шаңыраққа жылу сыйлап, отбасының берекесін кіргізер сәт сыналған ІІІ-кезең «Ата көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» кезеңінде отбасының тіреуі – әкелер қошқар көтеру, ат ерттеу, қол күрестіріп, күш сынасса, аналар қамыр илеу, бауырсақ пісіру, құрт жасау сынды үй шаруасындағы шеберліктерін көрсетті.
Алатаудың баурайын дүбірлеткен байқау қорытындысы бойынша Ұйғыр ауданынан қатысқан Аян Жанасбекұлының отбасы бас жүлдені иеленіп, 300 мың теңгені қанжығасын байласа, 2-орын Қарасай ауданынан келген Талғат Лаубаевтың еншісіне бұйырды, ақшалай сыйлық қоры 200 мың теңге. Ал, жүлделі 3-орынға Еңбекшіқазақ ауданынан қатысқан Ерасыл Қанафиянов тұрақтап, 100 мың теңгенің сертификатын иеленді.
Байқау жеңімпаздарын облыс әкімінің орынбасары Нұржан Кеңесұлы құттықтап, олардың алдағы өмірлерінің мәнді де сәнді, табысты әрі бақытты болуларына тілектестігін білдірді.