Тұрғындар жауапты құрылыс компаниясының кеңсесіне келіп, арызын айтты. Олардың айтуынша, пәтер алу үшін барын сатып, қарызға белшесінен батқан. Алайда тұрғын үйдің қабырғасы қаланбаған көрінеді.
«2022 жылдың қазан айында пәтер құнының 20 пайызын төлеп қойдым. Мен «Восток» тұрғын үй кешенінен 2 бөлмелі пәтер таңдадым. Бірақ қаңтар айында келгенде құрылыстың тоқтап тұрғанын көрдім», – деді салымшы Ләззат Бәйгебаева.
Ал аталған құрылысқа жауапты компания өкілі 16 тұрғын үй кешенін салуды жоспарлаған. Жалпы саны 1000 пәтер болатын кешен жанында қосымша мектеп пен балабақша салу да жоспарға енгізілген. Бірақ шағым түскен соң, құрылыс уақытша тоқтаған.
«Тау көрінісі көрінбей қалады, жел соқпай қалады» деп жер үйде тұратын тұрғындар құрылысқа қарсы шықты. Ал шындығына жерді сатып алғанымызды қалайды», – деді құрылыс компаниясының заңгері Нұрлан Жұмабеков.
Ал Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев өзінің қызметтік іс-сапары барысында тұрғын үй кешенінің құрылысын тоқтатуды тапсырған екен.
«Талғар ауданынын қарасты Бесағаш ауылындағы тұрғын үй кешенінің құрылысы тоқтатылды. Біріншіден, прокуратурадан шағым түскен. Бұл жерде көп қабатты тұрғын үй салуға рұқсат берілмейді. Екіншіден, мердігер мекеме 9 қабатты 10-нан астам тұрғын үй салмақшы болған. Осында жақын орналасқан жер үйдің тұрғындары қарсы болды. Олар 3 гектардың аумағында көп қабатты үйлер салынатын болса, жақын маңдағы елді мекендерге қолайсыздық тудыратынын жеткізді. Сондықтан қазір құрылыс уақытша тоқтатылды. Мемлекеттік мекеменің тұрғын үй салуға берген құжаттары қайтарып алынды», – деді Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жүкел.
Қазір компания басшылығы екіжақты келіссөз жүргізіп жатқанын айтты. Оның айтуынша, үлескерлердің шығыны өтеледі.
«Келісімшарт бар ғой. Біз тұрғын үй салып беруге дайынбыз. Олар ақшасын төлеуге дайын. Ал егер рұқсат бермесе, ақшасын қайтарып береміз», – деді құрылыс компаниясының заңгері Нұрлан Жұмабеков.