Осы орайда, тілшілер Алматы облысындағы ҰБТ көрсеткіші қандай екенін білу үшін өңірдегі білім басқармасынан ақпар алды, деп хабарлайды Alataunews.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін түлектерге 18 мамырдан 5 шілдеге дейін 2 рет ҰБТ тапсыруға мүмкіндік берілген болатын. Осылайша, өңірде 9793 түлек тест тапсырды, ал белгілі себептермен тестілеуге кірмегендер үлесі — 21,6%.
ҰБТ тапсырған 5 пәннің орташа баллы бойынша ең жоғары көрсеткіш Қонаев қаласында — 78,6%, ең төменгі көрсеткіш Кеген ауданында — 55,7%. Облыс аумағында ең жоғарғы 139 баллды Қарасай ауданының түлегі Айнұр Құдайбергенова алған.
Сондай-ақ тестілеу барысында тыйым салынған затты қолданғаны үшін бір оқушының ҰБТ нәтижесі жойылған.
Тиісті нәтиже көрсете алмаған түлектер техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарына оқуға түсе алады.
Айта кетейік, биыл елімізде ҰБТ тапсыруға 166 мың талапкер 305 мың өтініш білдірген. Олардың 162 мыңы ҰБТ-ның 2 мүмкіндігін қоса есептегенде, 291 мың рет тапсырды. Тестілеу бойынша 135 мыңға жуық талапкер шекті балл жинады. Бұл қатысушылардың 83 пайызын құрады. Былтыр ол көрсеткіш 67 пайыз болған. 2023 жылы гранттар саны 73 мыңды құрап отыр.