Оның сөзіне сүйенсек, Алматы облысы туристік потенциалы жоғары аймақ болғанымен, өңірде шешілмеген 3 түрлі мәселе бар.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев Кеген ауданының тұрғындарымен кездесуде өңірде 337 км-ден аса туристік жол жабдықталатынын айтқан болатын. Сондай-ақ ол Саты ауылынан Күрметі ауылына дейінгі автокөлік жолының (Көлсай көліне кіреберіс) 7 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстары аяқталғанын атап өткен. Алайда, бұл шаралар жеткіліксіз – дейді басқарма басшысы. Туризмнің бірінші мәселесі осы көлік-логистикалық, инженерлік-коммуникациялық, сервистік инфрақұрылым дамуының тұралап қалғанынан туындап отыр.
«Көлемі жағынан әлемде 9-орынды иеленетін Қазақстанның бұл мәселесін шешу – күрделі міндет. Облыс аумағында халықаралық әуежай мен теміржол вокзалы да жоқ екенін атап өткен жөн. Ішкі және халықаралық рейстер Алматы қаласы арқылы жүзеге асырылады», — деді Айбар Теменов.
Осыған байланысты басқарма басшысы облыстық мәслихат сессиясында депутаттардан туристік орындарға апаратын жолдардың, әсіресе, Тұзкөл, Балқаш көліне баратын жолдың салынуына немесе күрделі жөндеуден өтуіне ықпал етулерін сұрады.
Екінші мәселе – арнайы білімі бар кәсіби мамандар мен шет тілдерін білетін гидтердің тапшылығы.
«Басқарма гидтердің құзыреттілігін арттыру мақсатында жыл сайын оқу курстарын ұйымдастырады. Биыл бұл шара Қонаев қаласы мен Ұйғыр ауданында туристік маусымның аяқталуына қарай жоспарланған. Алайда, аталған мәселе жүйелі шешімді талап етеді», — деді басқарма басшысы.
Үшінші мәселе – облыста бағаның ұсынылатын қызмет сапасына сәйкес келмеуі туристердің көңілінен шығуға кері әсер етіп отыр.
Төртінші мәселе – туризм саласына бағытталатын ақшаның аздығы.
«БАӘ, Израиль, Исландия, Грекия, Норвегия және Грузия сияқты елдерде туризмнен түсетін кірістің 0,2% бен 4,34% аралығындағы қаржысы туризмге қайта жұмсалады. Ал Қазақстанда кірістің небәрі 0,03%-ы бөлінеді», — деді маман.
Айбар Теменов елімізде туризмді дамытуға қаншалықты көп қаражат жұмсалса, елге демалушылар соғұрлым көп табыс әкелетінін алға тартты.
Естеріңізге сала кетейік, биыл облыста туризм саласы мен халықты ақпаратпен қамту үшін 27,8 млрд тг бөлінген.