Ғалымдардың зерттеуінше, Амур шерісінің тұрпаты мен генетикасы жойылып кеткен Балқаш жолбарысына өте жақын. Тарихи құжаттарда Балқаштың соңғы жолбарысын 1947 жылы жергілікті аңшы атып алған деген дерек бар. «Жолбарыс жобасын» жүзеге асырғалы бірнеше жыл болды. Ол үшін Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен Қазақстан Үкіметі келісімге келді, аясында алдағы 30 жылда 30 млн еуро жұмсалмақ.
«Тұран жолбарысын жерсіндіру жобасы негізі үш кезеңнен тұрады. Бұл – түз тағысы мекендейтін аймақты әзірлеу, жолбарысты жіберу және оны бақылау. Қазір бірінші кезеңнің орта шеніне жетіп қалдық. Яғни, резерваттың экожүйесін қалпына келтіру, нысанды қорғау, инспекторларға байланыс орнату секілді жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соған қарағанда, алғашқы Тұран жолбарыстарын 2025 жылы көріп қаламыз ба деген болжам бар. Мамандар алдағы 50-100 жылда Қазақстанды 120 жолбарыс мекендейді деген дерек айтады», — дейді WWF Орталық Азия бағдарламасының баспасөз хатшысы Ілияс Сейітов.
2018 жылдан бері «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерваты Тұран жолбарысын қарсы алуға дайындалып жатыр. Түз тағысын жерсіндіру үшін 500 мың гектарға жуық жер бөлінген. Бұл ерекше қорғалатын экологиялық аймақ. Бөгде адамдардың келуіне, мал жайып, аңшылық жасауға мүлдем тыйым салынған.
«Сырттан келіп аңшылық жасау деген болмайды. Егер көліктер рұқсатсыз кіретін болса, мамандар хаттама толтырып, олар жауапкершілікке тартылады», — деді «Іле-Балқаш» мемлекеттік табиғи резерватының бас директоры Қанат Қожабеков.
Жолбарыс жайлаған жерде жемтік мол болуы керек. Сол себепті резерватқа тұяқты жануарлар топ-тобымен жіберіледі. Тарғыл шерінің негізгі қорегі – қабан мен кермарал. Сарапшылар Іле өзенінің сағасында үш мыңнан астам жабайы шошқа барын анықтаған. Алайда ол жеткіліксіз. Алып денелі, алапат күшті жыртқыштың еттен тарықпауы үшін қабанның саны 30-50 мыңға жетуі тиіс. Өткен жылы күзде нулы тоғайға «Алтынемел» табиғи паркінен құландар әкелінді. Олардың популяциясын арттыру да көзделіп отыр. Қазір тұяқты жануардың саны алпысқа жуықтады.
Резерваттағы негізгі жұмыс тоғай бұғыларының санын көбейтуге бағытталған. Қараой ауылынан батысқа қарай 50 шақырым жерде арнайы қоршау салынған. Биыл мұнда 60 бас бұғы Қарашеңгел аңшылық шаруашылығынан әкелінді. Жануардың жем шөбі осында әзірленіп, арнайы күтім жасалады. Жалпы бес жыл ішінде мұнда 200-ден астам тоғай бұғысы жерсіндірілді.
Тұран жолбарысын жерсіндіру ауқымды бағдарлама. Бірақ, су болмаса барлық еңбек еш кетуі мүмкін. Қазір резерваттың басты мәселесі де судың тапшылығы болып тұр.
Келешекте жолбарыс келгенде бір жыл бойы теміртор қоршауда болады. Кейін барлығына спутниктік қарғыбау тағылып, жүрісі қатаң қадағаланады. Арнайы үйретілген мобильді топ тәулік бойы шерінің тіршілігін бақылайды.