Талғар қаласында қыз зорлады деген күдікпен қамауға алынған және уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен адам ұсталды, деп хабарлайды alataunews.kz.
21 қазанда басталған іздестіру шараларының нәтижесінде күдікті Тереңқара ауылының шетінде қолға түсті. Оны іздестіру үшін полиция барлық күштерін жұмылдырып, іздеуге қоғамдық көмекшілер, еріктілер мен жергілікті тұрғындар да белсенді қатысты.
Қашқын қайтадан уақытша ұстау изоляторына қамалып, енді оған бұрынғы айыптарымен қатар қамаудан қашқаны үшін қосымша айып тағылатын болады. Полиция іздеу жұмыстарына қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысын білдірді.
Еске сала кетейік, күдікті 21 қазанда Алматы облысында уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен болатын. Оны ұстау мақсатында арнайы «Сирена» жоспары енгізіліп, негізгі бағыттарда бақылау-өткізу пункттері орнатылды. Сонымен қатар, қашудың себептері мен мән-жайын анықтау үшін қызметтік тексеру тағайындалды. Алматы облыстық полиция департаменті жағдайдың өз бақылауында екенін мәлімдеді.