Фабрика Іле ауданының Өтеген батыр ауылында орналасқан.
Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Рустам Исатаев, Іле ауданының әкімі Бағдат Қарасаев арнайы келіп қатысты. Олар жаңа цехтың ашылу салтанатынан кейін темекі зауытының ішкі жұмыстарымен кеңірек танысты.
«JTI» – Қазақстандағы көшбасшы 10 кәсіпорын қатарындағы жетекші инвестор және қомақты салық төлеуші компаниялардың бірі. Соңғы 5 жыл ішінде компания ел экономикасына 530 млрд теңгеден астам салық құйды. Жекеменшік темекі фабрикасы еліміздегі және өңірдегі ең ірі экспорттық хаб болып саналады. Компанияда 700-ге жуық қызметкер жұмыс істейді.
2020-2024 жылдар аралығында «JTI» өзінің қазақстандық фабрикасын қайта жабдықтауға 80 миллион АҚШ долларына жуық қаражат құюды жоспарлаған. Оның жартысы осы уақытқа дейін бөлінген. Қайта жабдықтаудан кейін өндіріс шамамен 20 пайызға өседі, өнім негізінен экспортқа шығарылады деген жоспар бар. Ал жаңа 100 жұмыс орны ашылғанда компанияның қызметкерлер саны тағы арта түспек.
«Қазақстандағы өндіріске бағытталатын ондаған миллион доллар бұл нарықтың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Біздің бұл нарықтағы үлесіміз 42 пайыздан асады. Осы орайда біз тұтынушыларымызды сапалы өнім сұрыптарымен қамтамасыз етуге талпынамыз. Алматыдағы фабриканың өндірістік қуатын ұлғайту арқылы өнімді Қазақстаннан экпорттау көлемін өсіруге тамаша мүмкіндіктер туындайды. Бұл – «JTI»-дың ғаламдық жеткізу тізбегін нығайтудағы маңызды қадам», – дейді аталған компанияның Қазақстан, Орталық Азия және Монғолиядағы бас директоры Виктор Веклич.
Ал Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада болса, құйылатын инвестиция Қазақстан экономикасына оң ықпалын тигізетініне сенімді.
«Мен осы инвестициялар Қазақстан экономикасына оң ықпалын тигізеді деп үміттенемін. Бұл жаңалық Елші ретінде менің де назарымды аудартты. Жапония Қазақстанға сенімді саяси әрі экономикалық серіктесі ретінде қарайды, ел арасындағы екіжақты өзара серіктестіктің аясы одан ары кеңеюіне тілектеспін» – деді Елші.
Темекі шикізатын қайта өңдеу желілері елдегі шылым өндірісін дамытып, экспортқа шығатын өнім сұрыптарын кеңейтуге жол ашады.
Компания Алматы облысында және жалпы ел бойынша ауқымды әлеуметтік және қайырымдылық жобаларын жүргізеді. Мұнда әлемнің 70 еліндегі филиалдарын қосқанда 46 000 адам жұмыс істейді, ал штаб-пәтері Женевада (Швейцария) орналасқан. 2022 жылы Алматыдағы фабрика ішкі нарық пен экспортқа арнап 8 млрд-тан артық шылым өндірген. Жалпы, өндірушілердің нарықтағы пайызы 2023 жылғы мамыр айындағы көрсеткіш бойынша 0,5 пайызға өскен.