Аталған компания өңірде кәріз-тазарту жүйесін жүргізуге мүдделі болып отыр.
«Біздің серіктестік кәріз суын тазарту арқылы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін су желісін тартумен айналысады. Бұл компанияның 60 жылдық тәжірибесі бар. Әлемнің 50 мемлекетімен достық қарым-қатынастамыз. Қазіргі таңда Өзбекстанда «Наманган» жобасын қолға алып жатырмыз. Ол жақтағы құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталады», — деді компания өкілі Адиба Амин.
Адиба Аминнің айтуынша, серіктестік бизнестің 4 түрлі бағытында қызмет атқарады:
1. Жобалау және құрылыс жұмыстары;
2. Коммуналдық қызмет көрсету — сумен жабдықтау, су бұру бойынша концессияны әзірлеу, қаржыландыру және пайдалануға беру;
3. Су жүйесін пайдалануға беру және техникалық қызмет көрсету;
4. Суды тазартудың химиялық шешімін табу.
«Біз жалпы инвестицияның 20 пайызын өзіміз құямыз, қалғаны серіктес банктердің есебінен 20-25 жылға несиеге беріледі», — деді Адиба Амин.
Сондай-ақ бизнес өкілі су жүйесін тартуға кеткен шығын тарифтердің өсуіне әкелмеуі керек екенін атап өтті. Яғни, кәріз-тазарту желілерінің тозу мәселесін шешуде жұртшылықтың қалтасы көтеретін тұсы да ескерілуі тиіс.
«Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікте әлеуметтік салаға да баса назар аударылады. Жалпы мемлекет Алматы облысының дамуына көңіл бөліп отырғанынан хабардармыз. Сондықтан сіздермен кездесуді жөн көрдік», — деді маман.
Өз кезегінде облыс әкімі қазіргі таңда Қонаев қаласының кәріз-тазарту жүйесін жаңартуға конкурс жарияланғанын айтты.
«Сіздер мемлекеттік сатып алуға да қатыса аласыздар. Облыс көлеміндегі мәселе болғанымен басымдық Қонаев қаласына беріліп отыр. Сонымен қатар Алматы облысы аумағында орналасқан кәріз-тазарту жүйесі болса да, Алматы қаласына қарасты аймағымыз да бар. Сол себепті Алматы қалалық әкімдігімен де келіссөздер жүргізу қажет», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Бұдан бөлек, өңір басшысы G4 city жобасы жайлы да сөз етті.
«Алматы мен Қонаев қаласының аралығында 4 аудан салынады. Жақында ғана арнайы экономикалық аймақ құрылды. Мұнда да су жүйесін жүргізу қажет. Ол жобаға да аралассаңыздар болады, бірақ аталған аудандарда әлі тұтынушылар жоқ екенін ескергендеріңіз жөн», — деді облыс әкімі.
Кездесу соңында шетелдік компания өкілдері G4 city жобасымен танысып, қос тарап тағы да басқосулар өткізуге келісті.