Бұл туралы Алматы облысы ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Дәурен Азаматов өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен баспасөз-мәслихатында айтты.
Қазіргі уақытта, елді мекендерден 3,1 мың м3 қар шығарылды. Сонымен қатар,154,8 шақырым арық желілері, 48,2 шақырым каналдар, 87 бірлік автожол және 7 бірлік темір жол астындағы су өткізу,27,2 шақырым су бұру каналдары қазылды.
Өз баяндамасында Дәурен Азаматов су тасқыны қаупі бар 27 елді мекен бар екенін, оның 7-де қауіп толығымен жойылып, 20 аймақта қауіп азайтылғанын атап өтті.
Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдай салдарын жою үшін облыс аумағында жеке құрамның 1326 астам адамы , 471 бірлік техника, 29 жүзу құралы, 120 мотопомпа техникасы жұмылдырылды.
Спикердің айтуынша, Еңбекшіқазақ,Талғар,Кеген және Қарасай аудандарындағы 12 елді мекенде жергілікті және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарындағы 88 су өткізу құбыры ауыстырылып, 435 шақырым арық-канал жүйесі қайта жаңартылған.
«Профилактикалық мақсатта аумақтық ТЖД-нің аудандық бөлімшелері 123 елді мекенді қамтып, 92 рейд жүргізді. Одан бөлек «Көктем-2024» оқу-жаттығу барысында бес су тасқыны қаупі бар 1,8 шақырым арықтар мен каналдар, 73 автожол астындағы су өткізу құбырлары тазартылды. Нәтижесінде су тасқыны қаупі барынша азайды», — деді Дәурен Азаматов.
Еске салайық, су тасқыны болған жағдайда құтқару қызметіне «112 «нөмірі бойынша хабарласу қажет!