Отырыс барысында ТЖД бастығының орынбасары Данияр Қасымов облыста су тасқынының алдын алу бойынша ұйымдастырылған шаралар туралы сөз етті.
«Алматы облысында су тасқыны қаупін үнемі бағалап отыру үшін 53 гидропост қойылды. Оның 38-ін «Қазгидромет» мекемесі, 15-ін «Қазселденқорғау» мекемесі орнатты», — деді ТЖД бастығының орынбасары.
Данияр Қасымовтың сөзіне сүйенсек, 2022 жылы сел қаупі бар өзендердің (Қарқара, Шелек, Текес және Ақсай) арналарын нығайту, түзету және түбін тереңдету бойынша жұмыстар жүргізілді. Сондай-ақ Райымбек ауданы Қызыл Шекара ауылындағы каналға жөндеу жасалды. Ал Кеген ауданы Түменбай ауылына бұрма канал (ұзындығы 540 м) салынды.
«Алматы облысының аумағында 2022 жылы 34 су тасқыны қаупі бар учаскелер анықталды. Жоғарыда аталған шаралардың әсерінен оның саны 27-ге азайды», — деді ТЖД маманы.