Алматы облысында 96 үлкен және кіші демалыс орны бар. Олардың барлығы өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің назарында. Жыл сайын департамент шомылу маусымы басталғаннан аяқталғанға дейін су қоймаларының суы мен жағажайлардағы құмның талаптарға сәйкестігіне зертханалық зерттеу жүргізеді.
Спикердің айтуынша, биыл су қоймаларынан 261 су сынамасы және санитарлық-химиялық, микробиологиялық және паразиттік көрсеткіштерге 40 топырақ сынамасы алынды. Нәтижесінде су мен топырақтың гигиеналық талаптарға сай келетіні анықталды.
Сондай-ақ Марат Исмаилов сумен байланысты ауру түрлеріне тоқталып өтті.
«Судың ластануы салдарынан іш сүзегі, тырысқақ, дизентерия, полиомиелит, гастроэнтерит, А вирустық гепотиті, терімен шырышты қабықтың аурулары, моллюскалар тудыратын аурулармен қатар, безгек, сары безгек сынды індеттер пайда болады», — деді бас санитар.
Брифинг барысында маман тұрғындардың жеке гигиеналық сақтық шараларына баса назар аударуы қажет екенін айтты. Маманның сөзіне сүйенсек, көлдердегі, су айдындарындағы суды ауыз суы ретінде тұтынуға, жеміс-жидектерді жууға болмайды. Бұдан бөлек, жануарларды шомылдыруға, кір жууға да тыйым салынады. Бұл талаптарды сақтамағандарға әкімшілік жаза қолданылады.
Сұлтан Жұмағұл