Сүт безінің қатерлі ісігі – жасуша мутациясының нәтижесінде пайда болатын ауру. Ауру сүт түтіктерінде немесе без тінінің лобулаларында басталуы мүмкін. Бұл әйелдерде жиі кездесетін қатерлі ісік.
Қонаев қалалық көпсалалы ауруханасының онколог-маммологы Омаров Батырхан Орынтайұлы №2, 4, 5 орта мектептері, №2 гимназия, Д.Қонаев атындағы орта мектеп ұжымдарымен кездесуінде тиімді шараларды жария етті. Дәрігердің айтуынша, Қазақстанда, оның ішінде Қонаев қаласында сүт безі қатерлі ісігі әйелдердегі қатерлі ісіктердің құрылымында 1-ші орында.
Соңғы үш жылда Қонаев қаласы мен облыстан 168 әйелде осы диагноз қойылған. Бұл ісікке шалдыққандардың ең жасы небәрі 15 жаста. Елімізде жыл сайын орта есеппен 5000-ға дейін сүт безі обырына шалдыққан науқас анықталып, 1200-ге жуық әйел көз жұмады. Ісік ерте кезеңдерінде анықталған, онкологиялық науқастардың 95%-ында емдеу сәтті болады.
Жиында Батырхан Орынтайұлы әртүрлі факторлар қауіп төндіретінін атап өтті: етеккірдің 12 жасқа дейін ерте басталуы, 55 жастан асқанда менопаузаның кеш басталуы, босанудың болмауы немесе оның кеш басталуы — 35 жастан кейін, лактацияның болмауы, гормоналды препараттарды ұзақ қолдану, сүт безінің қатерсіз ісіктерінің болуы, мысалы, мастопатия немесе фиброаденома, тұқым қуалаушылық, 60 жастан асқан, алкогольді тұтыну, артық дене салмағы, дұрыс тамақтанбау, төмен физикалық белсенділік, сыртқы әсерлер — радиация немесе канцерогендермен байланысты.
Өкінішке орай, сүт безі қатерлі ісігінің дамуы ұзақ уақытқа созылады және бастапқы кезеңдерде іс жүзінде ешқандай белгілер болмайды.