1965-1978 жылдары Асанбай Асқаров Алматы облысын басқарып, аймақ экономикасының дамуына орасан зор үлес қосты.
Ол Жамбыл облысының Мерке ауданынан шыққанымен, мерейтойының Қарадала алқабында тойлануы кездейсоқтық емес. Алматы облысын басқарған жылдары Қарадала өңірінің малшылары үшін өмірлік маңызы бар Шонжы мен Нарынқол ауылдарын жалғайтын тау асуына жол салуға бастамашы болған Асанбай Асқаров. Осылайша Шалкөде жайлауына тікелей қатынау мүмкіндігі ашылды.
Мерейтойлық шара аясында жолдың осы бөлігінде «Асанбай асуы» ашылып, жазуы қашалған тас тақта орнатылды. Ашылу салтанатына облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов, Қазақстанның белгілі қоғам қайраткерлері, Ұйғыр облысының басшылығы мен жұртшылығы қатысты.
60-жылдардың ортасында Асанбай Асқаров басшылық еткен Алматы облысының даму қарқыны серпін алып, барлық салаларда өсу динамикасы байқалды. Қапшағай су қоймасы мен су электр стансасы салынып, еліміздің оңтүстік өңірлерін электр қуатымен қамтамасыз етіп, егіс алқабын ұлғайтуға мүмкіндік берді. Қарадала, Бозай, Шеңгелді жерлеріне су келіп, құнарлы алқаптарға айналып, Балқаш өңіріндегі Ақдала алқаптарында күріш егіле бастады.
Көп ұзамай Қазақстан картасында жаңа Қапшағай қаласы да пайда болды. Сол жылдары облыста 70-тен астам шаруа қожалығы, 2 ауылдық, 2 қалалық аудан құрылды. Бұл статистиканы Шонжы ауылының облыстық мәдениет үйінде өткен «Асанбай Асқаров – тұғырлы тұлға» атты республикалық конференция барысында Лаззат Махатұлы айтты.
Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Б. Беделхан модераторлық еткен конференцияға Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері, ақын-жазушылар, Алматы және Шымкент қалаларынан келген делегациялар қатысты. Олардың арасында Асанбай Асқарұлымен Жамбыл облысы мен Жетісу өңірінде иық тірестіре еңбек етіп, қызметтес болғандар да бар.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашовтың баяндамасынан кейін «Асанбай Асқаров жайындағы естеліктердің» – құжаттар топтамасы, туыстарының, әріптестерінің естеліктері, сондай-ақ өзінің авторлық шығармалары, сөйлеген сөздері мен сұхбаттары топтастырылған кітабының салтанатты тұсаукесері өтті. Материалдарының басым бөлігін Алматы облысының мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері дайындаған.
Конференцияда сөз алған ақын-драматург Нұрлан Оразалин, Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталов, А. Асқаровтың немересі Қамбар Смайылов, Ұйғыр ауданының құрметті азаматы Нурвяг Сейітов, Алматы делегациясын бастап келген Мамай Ахметов және басқалары аты аңызға айналған біртуар тұлға, қазақтың ақиық ұлы жөніндегі естеліктерімен бөлісті.
Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыс жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шәмек Тілеубаев жиналғандарға А. Асқаровтың өмірлік жолы туралы айтып берді.
«Асанбай Асқарұлы еңбек жолын 1939 жылы мектептегі білім беру жүйесінде бастады. 1942-1946 жылдары әскер қатарында болды. 1946-1951 жылдары Мерке аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы, кейін Қазақстан комсомолы Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. Осы жылдар ішінде Қазақстан Компартиясы Красногор, Мерке аудандық комитеттерінің бірінші хатшысы, Жамбыл облыстық халық депутаттары кеңесінің атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1959-1985 жылдары Қазақстан Компартиясының Жамбыл, Алматы, Шымкент облыстық комитеттерінің бірінші хатшысы қызметтерін атқарды. 13 жылдай Алматы облысын басқарды. Күнделікті жұмыстан бос уақытын шығармашылыққа арнады. «Тағдыр», «Жұмақ пен тозақ жырлары» жыр жинақтары, «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтін артымда сөзім қалса» атты даналық өсиеттері жарық көрді. Ол Социалистік Еңбек Ерінің алтын жұлдызымен, Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен марапатталған», — деді Шәмек Тілеубаев өз сөзінде.