Алматы облысы суға кетіп қаза тапқан адамдар статистикасы бойынша көш бастап тұр. Мәселен, 2022 жылғы шомылу маусымы кезінде 18 адам суға батқан. Адам өлімінің негізгі себептері тыйым салынған жерлерде орын алады. Сол себепті шомылуға рұқсат етілген орындарды 7-ден 44-ке дейін ұлғайту жөнінде қаулы шығару бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр.
«Шомылу маусымына дейін барлық су айдындарын тексеріп шықтық. Жалпы өңірде 87 суға түсуге қауіпті аймақ бар. Оларға 3 жылдан бері «Суға түсуге болмайды!» деген 400-ден астам белгі қойылған», — деді Дидар Асқарбекұлы.
Спикердің мәліметінше, облыстағы су айдындарын күзетуге, адамдарды құтқаруға күніне 40-тан астам маман тартылады. Ал демалыс күндері бұл көрсеткіш 100-ден астам адамға, 20 техникаға ұлғайтылады.
Брифинг барысында тілшілер суға түсуге тыйым салынған жерде шомылғаны үшін қарастырылатын жауапкершілік, Қапшағай су қоймасында катамаран, моторлы қайық, жалпы су көліктерінің адамдар арасында жүруі жайлы мәселелерді көтерді.
«Тыйым салынған жерде шомылғаны үшін тұлғаларға 20 мың теңге көлемінде айыппұл салынады. Ал су көліктеріне келсек, ҚР ІІМ-нің тиісті Бұйрығына сәйкес, әрбір демалыс орындарында қайықтар тұрағы, жүруге болатын аймағы белгіленген болуы қажет. Біз өз тарапымыздан су көліктерін жүргізушілерге еш шара қолдана алмаймыз. Оған жауапты басқа құзіретті органдар бар. Тағы бір мәселе, шағын және орта бизнесті тексеруге мораторий болғандықтан, сала мамандары ешқай жерді тексеруге құқығы жоқ. Ол үшін тұрғындардан арыз, шағым түсуі тиіс», — деді аға офицер.
Дидар Асқарбекұлының сөзіне сүйенсек, Қапшағайда адамдар арасында жоғары жылдамдықпен жүретін су көліктерінің мәселесі жақын арада шешімін таппайды.
Айта кетейік, департаменттің жедел-құтқару жасағы су айдындарындағы оқиғаларға жедел ден қою үшін 30 жүзу құралын, 45 бірлік сүңгуір жабдықтары мен құтқару құралдарын әзірлікке келтірген.