Жыл басынан сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 800-ден астам өтініш келіп түсті. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 67 пайызға көп. Тұрғындардың құқықтық сауатының артуы мен өз мәселелерін шешуге деген белсенділігінің нәтижесінде 21 миллион 361 мың теңге көлемінде тұтынушыларға өтемақы қайтарылды. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 68 пайызға жоғары, деп хабарлайды alataunews.kz/.
Бұдан бөлек,департамент жоспардан тыс тексерулер жүргізіп, 16 әкімшілік іс қозғады. Нәтижесінде, бір іске 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде,яғни 110 760 теңге айыппұл салынды.
Департамент облыстық мәслихат өкілдерімен, қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, «Сапалы өнім» жобасын жүзеге асыруда. Жоба тұтынушыларға қауіпсіз және сапалы тауарларды қолжетімді етуді мақсат етеді.
«Біз тұрғындардың құқықтық сауатын арттыру және тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәдениетін қалыптастыру үшін белсенді жұмыс істеп келеміз. Егерде өнімдер қауіпсіздік талаптарына сай болмаған жағдайды, өндіруші кәсіпкерлерді жауапкершілікке тарту шаралары жалғаса береді», – деді Алматы облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Жұмәділ Нұрсұлтан.
Сонымен қатар, облыс бойынша «жасырын сатып алушы» әдісі арқылы азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын өнімдердің 15-тен 40-қа дейін үлгісі тіркеуден өткен зертханаларға жіберілді. Кейбір өнімдердің сапа стандарттарына сәйкес келмеуі анықталды. Бұл деректер сапасыз өнімдерді нарықтан шығаруға және тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етуде.