Алматы облысында Республика күні қарсаңында мерекелік іс-шаралар қызу дайындықпен басталып кетті. Бұл мереке еліміз үшін ерекше маңызға ие болғандықтан, өңірде арнайы бағдарламалар мен мәдениет саласындағы іс-шаралар жоспарланған. Бұл туралы Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Данияр Алиев Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Спикердің айтуынша, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында облыс аумағында көшелерді тазалау, Мемлекеттік гимнді орындау, патриоттық бағытта челлендждер өткізу секілді іс-шаралар тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Сонымен қатар, еңбегімен елге танылған азаматтар марапатталып, қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалардың мерекелік құттықтаулары да жоспарланған.
«Барлығы 177 мерекелік іс-шара өткізіледі деп жоспарлап отырмыз. Олардың ішінде тақырыптық көрмелер, әдеби-танымдық сағаттар, концерттер, спорттық жарыстар және халықтық серуендер бар. Туған елдің мәртебесін көтеру мақсатында арнайы челлендждер ұйымдастырылады», – деп атап өтті Данияр Алиев.
Сондай-ақ, мереке қарсаңында облыс аумағында жаңа мәдениет нысандары ашылады. Атап айтқанда, Райымбек ауданындағы Жамбыл және Кеген ауданындағы Қарқара мәдениет үйлерінің ашылу салтанаттары өтеді деп жоспарлануда.
24 қазан күні Қонаев қаласындағы Жеңіс саябағында Ауған соғысының ардагерлеріне арналған мемориалдық тақтаның ашылу рәсімі өтеді. Ал сол күні түстен кейін Қонаев қалалық мәдениет үйінде облыс әкімінің қатысуымен салтанатты жиын өткізіліп, мемлекеттік марапаттар табысталады. Мерекелік концертте танымал өнер жұлдыздары мен облыстың дарынды өнерпаздары өнер көрсетеді.
25 қазан күні Еңбекшіқазақ ауданында Мемлекеттік Ту көтеру рәсімі өтіп, Мемлекеттік гимн орындалады. Бұл шараға мемлекет және қоғам қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен жастар қатысады.