Қонаевта өткен шараның бір күнінде Ассамблея мүшелері арнайы талдау жиынын өткізді, қайырымдылық та жасады.
Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев болса, этносаралық саясатты жүргізуді бір жүйеге келтіру керектігін айтты.
«Қасым-Жомарт Тоқаев 17 маусымда өткен Ұлттық Құрылтайда: «Жаңа Қазақстан идеясын іске асырамыз десек, аянбай еңбек етуіміз керек. Шын мәнінде, елді еңбекқорлық қана көркейтеді. Табысқа жетудің ең басты кілті – еңбек. Еңбекқорлық біздің негізгі құндылығымыз болуы қажет. Оны ұлт сипатын айқындайтын асыл қасиетке айналдыруға тиіспіз» деп атап өтті. Облысымыздағы Ассамблея және этно-мәдени бірлестіктердің мүшелері осы бағытта да жұмыс істеуі қажет», — деді Марат Сұлтанғазиев.
Ал ішкі саясат басқармасының басшысы Бота Елеусізова ҚХА-ның атқарып жатқан жұмысы жайлы баяндап, облыста екі мекеме қосылатынын айтты.
«Жарты жылда бірлік пен келісім құндылықтарын насихаттайтын 500-ге жуық шара ұйымдастырылды. Көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау мақсатында «Қоғамдық келісім» мекемесінде қазақ тілін оқыту кабинеті жұмыс істейді. Тағы бір маңызды жаңалық Ассамблеяның жұмыс ауқымына байланысты және этносаралық қатынастар саласын дамытуды жаңа деңгейге көтеру үшін «Қоғамдық келісім» мекемесі мен «Қоғамдық даму» мекемесі біріктіріліп, «Қоғамдық келісім және даму орталығы» деп аталатын болады», — деді ол.
Сондай-ақ басқарма басшысы ҚХА мүшелері Түркиядағы жер сілкінісі болған сәтте, Абай облысындағы алапат өрттен зардап шеккендерге, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға гуманитарлық көмек көрсеткенін атап өтті.
Шарада өңір басшысы Ардагерлер мен Аналар кеңесінің төрағаларына, ҚХА мүшелеріне және өзге де еңбегі елеулі 20 шақты азаматқа арнайы марапат табыстады.
Айта кетейік, облыста 105 этнос өкілі тұрады.