Салтанатты ашылу рәсімінде Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев байқау арқылы халық арасында сапа идеясын кеңінен танытуға сенімді екенін атап өтті.
«Бүгінде облыста 120 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектілері жұмыс істейді. Халық тұтынатын тауарлардың отандық өндірісін қолдау мақсатында Кәсіпкерлікті дамытудың 2022 жылға арналған ұлттық жобасы аясында 18,8 млрд теңгеге жобалар қаржыландырылды. Шағын және орта бизнесті дамытуға 250 мыңнан астам адам немесе халықтың 26%-ын жұмыспен қамтып отыр, бұл өңір экономикасының дамуына орасан зор мультипликативті әсер береді», – деп түйіндеді әкім орынбасары.
Үздік тауарлар екі номинация бойынша анықталды: «Үздік өнеркәсіп тауарлары» және «Үздік азық-түлік тауарлары». Жеңімпаздарды құрамына жергілікті билік пен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, облыстың Өңірлік кеңесі мен Кәсіпкерлер палатасының мүшелері кірген арнайы комиссия анықтады.
«IT&M» компаниясы «Үздік өнеркәсіп тауарлары» номинациясының жеңімпазы атанды. «IT&M» ЖШС Қазақстан Республикасының аумағында «Misot-Flex» маркалы синтетикалық пенопласт шығаратын желіні іске қосқан алғашқы компания.
2-ші орынды инновациялық молекулалық технологияларды қолдану арқылы әзірленген бірегей синтетикалық майларды шығаратын компания «ЛУКОЙЛ Лубрикант Центральная Азия» ЖШС иеленді.
Бұл номинация бойынша марапатты «Беріктігі жоғары кабельдік құбырлар зауыты» компаниясы иеленді. Кәсіпорынның қызметі механикалық беріктіктің жоғарылауына және сәйкесінше кабельді қорғауға арналған жоғары сапалы құбырларға кепілдік беретін ТМД елдеріндегі бірінші спиральды құбырларды өндірудің инновациялық технологияларын пайдалануға негізделген. «Үздік азық-түлік тауарлары» номинациясында жалғыз жеңімпаз «AsiaAgroFood» АҚ атанды.
«Біз Қазақстанда сироптар, мал азығы және нан ұнының өндірісі бойынша көшбасшымыз. Біздің негізгі қызметіміз бидай дәнін ұнға және жүгері дәнін глюкоза-мальтоза сироптарына өңдеу, сонымен қатар мал азығының барлық түрлерін өндіру болып табылады. Барлық цехтар мен өндірістер Германияда, Швейцарияда, Италияда және АҚШ-та шығарылған ең жаңа, өнімділігі жоғары жабдықтармен жабдықталған. Сондықтан, еңбегіміздің жақсы бағаланғанына ризамыз. Біз облысымызды республикалық деңгейде мақтанышпен көрсететін боламыз», — деп атап өтті компания өкілдері.
Айта кетейік, облыстық іріктеу жеңімпаздары жыл соңында Қазақстан Республикасы Президентінің қатысуымен өтетін республикалық байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болды.
Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының басқарушы директоры Ержан Дүйсекенов байқаудың мақсаты – кәсіпорындардың қызметін жандандыру, отандық тауарлардың сапасын арттыру және қазақстандық нарықты бәсекеге қабілетті өніммен толтыру екенін атап өтті.
Сондай-ақ, «Қазақстанның үздік тауары» байқау-көрмесі аясында алғаш рет «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысушылардың өнімдері ұсынылды.
«Бір ауыл – бір өнім» жобасы – өз экономикасын жақсарту үшін әлеуетті табиғи ресурстарды пайдалану арқылы ауылдық жерлерде экономикалық өсудің құралы. Қағида ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейін көтеру, сату және кірісті арттыру үшін кәсіп ретінде бір ауыл бәсекеге қабілетті негізгі бір өнімді шығаруына негізделген.
Көрмеге қатысушылардың көпшілігі мұндай шараларға алғаш рет қатысып отырғандарын атап өтті. Мәселен, Райымбек ауданының кәсіпкер әйелі Күлпарқан Тоқтақын. Ол квиноадан емдік қара сабын жасаумен айналысады.
«Ежелден ата-бабаларымыз квиноадан жасалған қара сабынды күнделікті өмірде қолданған. Ал көне емшілер сабынның арқасында ең ауыр жараларды емдеп, тіпті операция кезінде дезинфекциялаушы құрал ретінде пайдаланған», — деп өз өндірісімен таныстырды кәсіпкер.
Үздік кәсіпкерлерді даралауға арналған шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.