ТЖД деректеріне сүйенсек, 25 наурыз күні нөсер жаңбырдан кейін Бесағаш ауылындағы Көтірбұлақ өзені тасып, жеті аула мен бір медициналық орталықты су басқан.
«Алдын ала мәлімет бойынша, тасқынның басты себебі — тұрғындардың өзен жағасына рұқсатсыз қоршаулар мен уақытша құрылыстар орнатуы. Бұл өзеннің табиғи ағымын тежеп, су деңгейінің көтерілуіне себеп болған», — делінген ресми хабарламада.
Қазір Талғар аудандық ТЖ бөлімі жергілікті билікпен бірлесіп, су тасқыны салдарын жою және болашақта мұндай жағдайдың алдын алу мақсатында арық жүйесін тереңдету жұмыстарын жүргізіп жатыр.
«Оқиға орнына 15 маман, 5 арнайы техника және 2 мотопомпа тартылды. Қазіргі уақытта су тасқыны тоқтатылды, өзен арнасының табиғи өткізу мүмкіндігі қалпына келтірілуде. Сонымен қатар, заңсыз құрылыс нысандарын анықтау шаралары қолға алынды», – деді департамент өкілдері.