Облыс бойынша 8,9% өсім болғанымен, оның кейбір салаларында төмендеу байқалады. Мысалы, дайын металл бұйымдарын өндіру – 14,1%-ға, жеңіл өнеркәсіп – 11,9%-ға, минералды өнімдерді өндіру – 7,1%-ға, химия өнеркәсібі – 5,8%-ға азайған.
Оның мәлімдеуінше, жеңіл өнеркәсіпте «Алматы былғары зауыты», арнайы киім шығаратын «Алтын жұлдыз» және «Медиатекс» кәсіпорындары, металл бұйымдарын шығаратын «КнауфГипсКапшагай», «Қарасай машина жасау зауыты», химия өнеркәсібінде Қонаев қаласының «КазАгроКоммерц», «Акрилейт», металл емес минералды өнім өндіретін «Ремстройтехника», «Фирма Бент» сияқты кәсіпорындар өндіріс көлемдерін азайтқан.
«Мұндай төмендеуге әртүрлі сыртқы және ішкі факторлар әсер етті. Негізгі факторлар мемлекеттік тапсырыстың азаюы, шетелден және Ресейден әкелінетін шикізат бағасының өсуі, сондай-ақ электр энергиясы мен газбен қамтамасыз ету қуаттылығының жетіспеуі. Сол себепті осы кәсіпорындарды қолдау мақсатында мемлекеттік тапсырысты көбейту, қолданыстағы бағдарламалар аясында оларға қаржылай және басқа да көмек көрсету мәселелерін пысықтап қарастыру қажет», – дейді ол.
Айта кетейік, жалпы облыста жүйе құрайтын 18 ірі кәсіпорындар бар. Соның ішінде «Джей Ти Ай Қазақстан» темекі өнімдерін 5,4%-ға, «КнауфГипсҚапшағай» болаттан жасалған профильдер өндірісін 20,4%-ға, гипсокартон өндірісін 3,3%-ға төмендеген.