Агенттіктің Алматы облысы бойынша департаменті «Pure Pack» ЖШС компаниясының алкогольсіз сусындар өндіру зауытын сумен жабдықтау, су бұру және электрмен жабдықтау жөніндегі сыртқы инженерлік желілерге ұзақ уақыт қосу фактісін зерттеп жатыр.
2020 жылы компания «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы шеңберінде жобаны мемлекеттік қолдау мен қаржыландыруды алу үшін кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасының оң шешімін алған.
Осы шешімнің негізінде басқарма мен «Монолит» ЖШС арасында 385 млн теңгеге сыртқы инженерлік желілерді салу бойынша жұмыстарды орындауға шарт жасалды. Инженерлік желілерді салу жұмыстары 2021 жылдың маусымында басталды және бастапқы аяқталу мерзімі 2021 жылдың қазан айына белгіленген болатын.
Алдын ала мәліметтер бойынша, бөлінген қаражаттың шамамен 80%-ы аударылған. Ал іс жүзінде 180 млн теңгеден астам қаражат негізсіз төленіп отыр. Олар бойынша орындалған жұмыстар жоқ.
Сонымен қатар, жобаның мерзімі бірнеше рет кейінге қалды және соңғы өзгерістерге сәйкес жобаны аяқтау 2023 жылдың наурызына жоспарланған.
Өз кезегінде, қалыптасқан жағдайлар «Pure Pack» ЖШС-нің өндірісті толыққанды іске қосу жөніндегі қызметін шектеп отыр. Тиісінше, жергілікті халықты жұмысқа орналастыру бойынша зауыттың әлеуеті іске асырылмаған күйінде қалған. Тиісті салық түсімдері жоқ, өңірдің инвестициялық ахуалы ушығып тұр.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мердігерлік ұйымның жұмысына тиісті бақылауды қамтамасыз ету, жобаны жедел аяқтау және «Pure Pack» ЖШС зауыт өндірісін толыққанды іске қосу үшін өңір басшылығының атына ақпараттық хат дайындады», — деді департамент басшысы Серік Орымбетов.
Оның мәліметінше, бизнесті мемлекеттік қолдауға бөлінетін қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылау өндірісті іске қосуға дейінгі барлық кезеңдерде сүйемелденуге тиіс.
Мемлекеттік органдардың лауазымды адамдары тарапынан бизнеске заңсыз кедергі жасау бойынша шағым келіп түскен жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық-құқықтық ықпал ету шараларын қолданатын болады.