Қарасай ауданында орналасқан хаб аумағында теміржол өтетін Ozon-ның қоймалары, контейнерлер терминалы (300 мың шаршы метр) салынады. Құрылыстың 1-кезеңі 2024 жылдың жаз айларында аяқталады деп жоспарланып отыр. Хаб индустриалды аймақ ретінде дамиды.
Қазіргі таңда Қазақстанда Ozon арқылы онлайн сауда жасайтын 15000 кәсіпкер бар. Алматы облысындағы хаб іске қосылса, оның саны 50-60% артпақ.
«Хабты салудағы мақсаттың бірі — тауарларды Қазақстан ішінде жеткізу күнін азайту. Қазір тауар 10 күнде жеткізілсе, осы хаб арқылы 1 күнде жеткізуге мүмкіндік ашылады. Бұдан басқа, отандық кәсіпкерлер өнімдерін ТМД елдеріне экспортқа шығара алады», — деді компанияның бас директоры Мөлдір Рысалиева.
Ал сатып алынған 504 гектардың 90 гектарында құрылыс жүргізуші әрі инвестор — «Bazis-A» және «Focus Logistics» компаниялары. Барлығы 70 млрд теңге, оның ішінде 1-кезеңде 25 млрд теңге инвестиция құйылмақ. Аталған компаниялар Ozon-мен 10 жылдық келісімшартқа отырған. Яғни, Ozon 10 жыл ішінде құйылған инвестицияны ақтап шықпақ.
Хаб толық қуатында жұмыс жасағанда жылына бюджетке 5 млрд теңге салық түседі деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар 5000 жаңа жұмыс орны ашылады.
Өз кезегінде Алматы облысы әкімдігі «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында бұл жерге кәріз және арық, электр, газ, байланыс жүйелерін тартуға қолдау көрсетеді.
Бұған дейін Іле ауданында «Жетіген» көлік-логистикалық орталығы ашылғанын жазғанбыз.