Дәрігерлік консилиумның қорытындысы бойынша 1979 жылы туған пациентте мидың өлімі тіркелген. Түсіндірме әңгіме жүргізілгеннен кейін марқұмның туыстары қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа келісім беру туралы шешім қабылдаған.
Көп ағзалық донорлықтың барлық кезеңін ұйымдастыру мен үйлестіруді Трансплантаттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметтерді үйлестіру жөніндегі республикалық орталық қамтамасыз етті. Донорлық процесс барысында екі бүйрек, жүрек, бауыр және көздің мөлдір қабығы алынды.
Алынған ағзалар бейінді медициналық ұйымдарға жедел түрде жеткізілді. Жүрек, бауыр, бүйрек және мөлдір қабықты трансплантаттау операциялары сәтті аяқталды. Медициналық көмек бірнеше пациентке, соның ішінде республикалық күту парағында тұрған балаға көрсетілген.
Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі марқұмның туыстарына батылдығы мен адам өмірін сақтап қалуға қосқан үлесі үшін шынайы алғыс білдірді.
Министрліктің мәліметінше, 2025 жылдың соңындағы жағдай бойынша Қазақстанда трансплантацияны күту парағында 4 506 адам тіркелген, оның ішінде 123 бала бар. Күтіп отырған пациенттердің 90 пайыздан астамы бүйрек трансплантациясына мұқтаж.






