Екі күнге ұласқан ауқымды шараға елдің түкпір-түкпірінен келген 200 адам қатысты.
Семинарға қатысушылар техникалық және кәсіптік білім ұйымдары кітапханаларының өзекті мәселелерін, кітапхананың рөлі мен орнын, қазіргі жағдайы мен болашағы жайлы сөз етті.
«Қатысушылар көтерген келелі мәселелер қатарында кітапханашы мәртебесін көтеру, жалақының аздығы сынды түйіткілдер болды. Айтылған сөздер өз жүйесін тапты деген сенімдемін. Жалпы, әр білім ошағындағы кітапханашының артында баға жетпес терең шығармашылық жұмыс орындалып жатқанын естен шығармауыз керек», — деді «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының директоры Жарқынай Хаджимуханова.
Сондай-ақ семинарда кітапхананың материалдық-техникалық базасынан бұрын, қарапайым кітап қорының тұрақты түрде толықпайтыны жайлы да айтылды.
«Колледж кітапханаларының 90 пайызы мамандық бойынша оқулықтармен қамтамасыз етілген. Көркем әдебиет жоқтың қасы. Болса да, олар орыс тіліндегі кітаптар. Қазіргі таңда жас буын рухани азық алатын, дүниетанымын кеңейтетін оқулықтар колледж кітапханаларына жетпей жатады. Осыны жоғарыдағылар назарларына алса екен. Болашақ — білімнен басталады, — деді Талғар агробизнес және менеджмент колледжінің кітапханашысы Толқын Нурмуханбетова.
Республикалық семинарға арнайы келген ҚР Оқу-ағарту министрлігінің техникалық және кәсіптік білім департаментінің бас сарапшысы Әлімжан Құмашев мамандар қозғаған мәселенің орынды екенін жеткізді.
«Сіздер айтқан жайттар өзекті. Бұл ұсыныстарыңыз жерде қалмайды. Жалпы, біздің елдегі кітапхана қоры 18 млн кітаппен қамтамасыз етілген, соның ішінде 6 млн дана кітап қазақ тіліндегі басылымдарға тиесілі. Бүгінгі күні Мемлекет басшысы кітапхананың материалдық-техникалық базасын жақсартуды тапсырды. Осы төңірегінде алдағы уақытта біршама жұмыстар жүргізіледі», — деді Әлімжан Құмашев.
Жалпы семинарда «Атамұра», «Мазмұндама», «Отбасы хрестоматиясы» сияқты баспалардың өкілдерімен кездесу өткізіліп, кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар пленарлық отырыс, шеберлік-сыныптары өткізілді. Шара соңында барша қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталды.