Өңірдің географиялық орналасуы мен аграрлық бағытын ескере отырып, облыс әкімінің орынбасары Нұржан Құдайбергенов бастаған делегация Сингапурдың «Public Utilities Board Newater Visitor Centre» Ұлттық су тазарту агенттігіне барды.
Айта кетейік, NEWater келушілер орталығы (NVC) — бұл Сингапурдағы су ресурстарының тұрақтылығына ықпал ететін және NEWater қалай жасалатыны туралы білім беру орталығы. Орталықта барлық жастағы келушілер үшін пайдалы интерактивті экскурсиялар мен білім беру семинарлары өтеді. Бұл ұйым ауыз суды қайта өңдеумен кәріз-тазарту құрылыстарының проблемалық мәселелерін шешуді ұсынады. Барлық осы процестерді кез келген адам көре алады, өйткені агенттік сайтқа арнайы экскурсиялар ұйымдастырады.
«Мен бүгін орталық кәрізден алынған және әріптестеріміздің технологиясы негізінде қайта өңделген суды өзім сынап көрдім, оның дәмі дүкеннен сатып алуға болатын судан еш айырмашылығы жоқ деп айта аламын. Сингапурлық әріптестеріміздің бұл тәжірибесі біз үшін ақпараттық пайдалы болды және біз Алматы облысында осындай жүйені ұйымдастыру мүмкіндігін қарастырамыз. Біз егіс алқаптарын суару үшін өңделген және тазартылған суды ауыл шаруашылығы саласында да пайдалана аламыз», — деп атап өтті Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Самат Ақылбеков.