Әлеуметтік желі арқылы тараған видеода екі сыныптың оқушылары бір кабинетте екі жаққа қарап, сабақ оқып жатыр. Аталған мәселені аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Гаухар Дәуренбековадан сұрағанымызда, оқушы сыймай жатқанын растады. Оқушылар 3 ауысыммен білім алып жатыр.
«Ауданда ұйғыр, қазақ-ұйғыр аралас мектебі және бір лицей бар. Лицей 800 оқушыға арналған. Бірақ қазір мұнда 2100 бала оқып жатыр. 900 орынға арналған жаңа мектеп салынып жатыр. Ал бейнетүсірілімге келсек, бұл оқиға қыркүйек айының алғашқы он күндігінде болған. Сол кезде бала сыймай қалғаны рас. Қазір мәселе шешілді. Тіпті мектеп мұғалімдерінің кабинеттері де сыныптарға берілді», — деді Гаухар Дәуренбекова.
Жаңа салынған мектепте Шонжы ауылының мәселесін толық шешпейтін сияқты. Өйткені лицейде оқитын 2100 оқушының 900-і жаңа мектепке ауысса, 800 орындық бұрыңғы мектеп ғимаратында 1200 оқушыға қалады.
Айта кетейік, лицейден бөлек ұйғыр және қазақ-ұйғыр мектебінде де дәл осындай жағдай.
Ұйғыр мектебі 540 оқушыға арналған. Білім алып жатқаны 600 оқушы. Қазақ-ұйғыр мектебі 150 оқушыға арналған, ал мұнда 250 оқушы оқып жатыр. Мамандар мұны бала туу көрсеткішінің артқанымен байланыстырады.