Алдағы уақытта осы аумақты басып өтетін, Қытайдан бастау алатын «Дулат-Қонаев» теміржолы салынады. Өңір басшысы жаңа жолдың жобасымен танысып, бұл теміржол ауданның дамуына әрі халықаралық сауда көлемінің артуына ықпал ететінін түртіп айтты.
Сондай-ақ әкім осы аумақтың бос жатқан жеріне арнайы экономикалық аймақ (АЭА) салу қажет екенін де атап өтті. Бұл — облысқа жаңа инвесторлардың келуіне септігін тигізеді. Жобамен танысқан Марат Сұлтанғазиев жауапты мамандарға АЭА тұрғызу үшін аумақтың статусын заңға сүйене отырып қарастыруды, инфрақұрылымдық желі тарту мәселесін шешуді тапсырды.
Қазіргі таңда «Қалжат» өткізу пунктінен Қытайға күніне 100-ге жуық жүк көлігі өтеді және бюджетке күнделікті 700-800 млн теңге түседі. Шекара аумағы бір терезе қағидаты бойынша жұмыс істеп жатыр. Бүгінде бұл өткізу пункті заманға сай жаңартылу үстінде. Аталған жұмыс аяқталғанда тауар және жолаушылар тасымалы 6-7 есе өседі деп жоспарланып отыр.