Сөз халықаралық International Academy of Medicine and Sciences (IAMS) компаниясы туралы болып отыр. Бұл ұйым өңірдің медициналық инфрақұрылымын жаңғыртуға 4,4 млрд теңге инвестиция құйып, көпсалалы клиникалық аурухананы күрделі жөндеуден өткізген. Қарыздарын өтеп, жаңа инфекциялық корпус салды, халықаралық аккредитациядан өтуге жәрдемдесіп, бірқатар жаңа бөлімшелер ашуға көмектесті.
Алайда инвестордың барлық әрекетіне қарамастан, әкімдік аталған нысанды балансқа қабылдаудан бас тартып, инженерлік желілерге қоспаған. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) аясында басқару үшін төленуі тиіс шарттық төлемдер де бір жылдан астам уақыт бойы жүргізілмеген.
Инвестор бірнеше мәрте шенеуніктерге ресми түрде жүгінсе де, нақты нәтиже болмаған. Көптеген уәде мен ұзаққа созылған үнсіздіктен кейін, компания «Астана» халықаралық қаржы орталығына (АХҚО) жүгініп, сотта жеңіп шықты. Сот шешімі бойынша, мемлекеттік органдар 370 млн теңге төлеуге міндеттелді. Қазіргі уақытта IAMS тарапынан 13 млрд теңгенің тағы бір талабы қаралуда.
2025 жылдың 24 ақпанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қылмыстық кодекстің 365-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы бойынша («Заңды кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру») іс қозғаған. Бұл ақпарат премьер-министрдің ресми жауабында көрсетілген.
Инвестордың мәлімдеуінше, әкімдіктің әрекетсіздігі мен қолдау көрсетпеуіне байланысты, олар Қонаев қаласында жүзеге асырылуы тиіс болған 30 млрд теңгелік тағы бір жобадан бас тартуға мәжбүр болған.
Фото: ашық дереккөзден