Марафонға 600 адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, оқушылар, спорт және білім мекемелерінің қызметкерлері, белсенді тұрғындар бар. Қатысушылар жас айырмашылығына байланысты 3 түрлі санатта жарысты: 18-35, 35-50 және 50 жастан жоғарылар. Мәре сызығынан финишке дейінгі қашықтық 2000 метрді құрады.
Шараны ұйымдастырудағы басты мақсат — салауатты өмір салтын дәріптеу, әр азаматты денсаулықты күтуге әрі шынығуға шақыру.
«Денсаулық фестивалі — республикалық науқан. Дені сау адам білім алуға құштар болады. Ал денсаулық басқа адамдармен қарым-қатынасты жақсартуға, өмір сүруге құштарлықты оятуға, жұмыс жасауға ықпал етеді. Мен облыс тұрғындарының әр күнді жүгіруден бастауын қалар едім», — деді шарада сөз алған Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев.
Ал қазақ күресінен Әлем кубогінің иегері Мәди Еділбай өңірде спортқа қызығушылардың көп екенін атап өтті.
«Алматы облысында жоғары санатты спортшылар өте көп. Бүгін мен де фестивальға қатыстым. Спорт басқармасының басшысы әр жеңісті Қытайда өтіп жатқан Азия ойындары жеңімпаздарының құрметіне арнауды ұсынып отыр», – деді ол.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы медальдармен, ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бүгін фестивальмен қатар қаланың орталық алаңында «Денсаулық қалашығы» халыққа қызмет көрсетті. Онда тұрғындар дәрігерлерден тегін кеңес алды. Сондай-ақ фестивальдің бір бөлімі ретінде балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы көрсетілді.