Партияның өңірлік Жол картасы аясында Райымбек, Кеген, Ұйғыр аудандарында ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын фабрикаларды салу міндеті тұр.
«Биыл Ұйғыр ауданында қуаттылығы 17,5 мың тонна құс етін өндіретін «Прима Құс» фабрикасы ашылды. Аясында 400 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтылды. Бұдан бөлек, ауданда келесі жылы қолданысқа берілетін жылыжайдың құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш гектар жерді алып тұрған жылыжайда 40 жаңа жұмыс орны ашылмақ», – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары Димаш Садықов.
Ал «AMANAT» партиясы Алматы облыстық партия филиалының төрағасы Қуат Байғоджаевтың мәліметінше, Кеген ауданында құны 1 млрд теңгеден асатын ет өңдеу комбинатының құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Кегенде келесі жылы бір аусымда 50 бас ірі қара және 150 бас ұсақ мал етін өңдеу комбинаты ашылса, 30 адам жұмысқа орналасатын болады. Бұдан бөлек «Great Steppe Heritage» ЖШС форель шаруашылығын ашуды жоспарлап отыр. Компания 20 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етпек», – дейді Қуат Байғоджаев.
Партия басшысы Райымбек ауданында да форель шаруашылығын кеңейту жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар, биыл ауданда сүт өңдеу, балық және омарта шаруашылығының иелері 50-ден аса азаматты жұмыспен қамтыған.