Жамбыл ауданында полиция қызметкерлері 12 бас жылқыны ұрлау туралы резонанстық істі ашты, деп хабарлайды alataunews.kz.
Оқиға 2024 жылғы 8 қарашада Ақдала ауылында болған. Шаруа қожалығының иесі жалпы құны 10,6 миллион теңгені құрайтын 12 бас жылқының ұрланғаны туралы полицияға арызданған.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні қолға түсірді. Ұсталған адам – бұрын сотталған жергілікті тұрғын.
«Жауап алу кезінде ол кінәсін толық мойындады. Қазіргі уақытта күдікті уақытша ұстау изоляторында. Оның басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр,» – деп хабарлады полиция өкілдері.
Мұндай ұқсас оқиғалар Іле және Еңбекшіқазақ аудандарында да тіркелген. Онда қаскүнемдер бір жылқы мен ірі қара малды ұрлаған. Криминалдық полиция қызметкерлерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде күдіктілер ұсталды, тергеу жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшылары мал иелеріне сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігін ескертеді.
«Мал ұрлығының көпшілігі иелерінің тірі мүлікті қорғауға немқұрайлы қарауынан болады. Мал иелерін қаскүнемдердің құрбаны болмас үшін жануарларды қараусыз қалдырмауға шақырамыз,» – деп мәлімдеді полиция өкілдері.
Қылмыстық істер бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.