Қонаев қаласының, облыстағы 6 ауданның 11-12 жастағы жеткіншектері өзара бақ сынасу үстінде. Барлығы 12 құраманың 140 спортшысы жеңімпаз болуға бар күшін салып жатыр.
«Облыста жылына 6 жас санаты бойынша дода ұйымдастыру дәстүрге айналды. Қазіргі өтіп жатқан жарыста жақсы көрсеткішке жеткен спортшылар Алматы қаласында 30 қыркүйекте басталатын республикалық біріншілікке барады», — дейді жарыстың бас төрешісі Игорь Шалаев.
Бас төрешінің айтуынша, Қонаев қаласы, Талғар, Балқаш аудандарының ұлдар және қыздар құрамасы финалға шықты. Және Ұйғыр ауданының ұлдар құрамасы, Қарасай ауданының қыздар құрамасы ақтық бәсекеде бой көрсетеді.
Айта кетейік, жақында Шымкент қаласында өткен Қазақстан чемпионатында Алматы облысының баскетбол құрамасы жүлделі ІІІ орынды иеленіп қайтты. Онда 2005-2006 жылдары туған спортшылар бақ сынасты.