Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында Ауыл шаруашылығы, тамақ және өңдеу өнеркәсібі күні салтанатты түрде аталып өтілді. Бұл мереке ауыл шаруашылығының маңызын насихаттап, сала қызметкерлерінің еңбегін бағалауға арналды, деп хабарлайды alataunews.kz.
Іс-шараға 200-ден астам агроөнеркәсіп мамандары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Мереке ауыл шаруашылығының дамуына зор үлес қосып жүрген қызметкерлерді марапаттау мен облыс аграрлық секторындағы жетістіктерді атап өту мақсатында ұйымдастырылды.
Шараның ашылуында Алматы облысының әкімі М. Е. Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы саласының аймақ экономикасындағы маңызды орнын атап өтіп, өңірдегі агроөнеркәсіп кешенінің жетістіктеріне тоқталды. Ол ауыл шаруашылығының елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі рөлі мен Алматы облысындағы егін және мал шаруашылығының дамуын ерекше атап өтті. Әкім өз сөзінде: «Бұл атаулы күн агроөнеркәсіптік кешен қызметкерлерінің еңбегін бағалауға арналған. Бүгінде ауыл шаруашылығы елдің экономикалық тұрақтылығы үшін маңызды сала болып табылады», – деп мәлімдеді.
Мереке аясында ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкерлері мен ұйымдары түрлі мемлекеттік наградалармен марапатталды. Марапаттау рәсімі барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары тапсырылды. Сонымен қатар, «Парасат» ордені мен «Құрмет» ордені иегерлері анықталды, сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» медалімен 3 қызметкер және «Еңбек ардагері» медалімен 5 адам марапатталды. «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісімен 7 қызметкер атап өтілді.
Айта кетерлігі, биылғы жылы ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастыруда белсенділік танытқан аудандық және ауылдық округтер де арнайы сыйақылармен марапатталды. Кеген ауданы мен Балқаш ауданының Құйған ауылдық округі ауыл шаруашылығы жәрмеңкелерін ұйымдастырудағы белсенділігі үшін жоғары бағаланды.
2024 жылы «Үздік ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері» номинациясында жеңімпаздар арасында қайта өңдеу кәсіпорындары, заңды тұлғалар мен шаруа қожалықтары марапатталды. Марапаттар: бірінші орынға YTO 804-8 тракторы және 500 000 теңгеден 900 000 теңгеге дейінгі көлемде болды. Атап айтқанда, «Адал» АӨК ЖШС мен «Дәулет Бекет» ЖШС сияқты үздік кәсіпорындар марапатталды. Сондай-ақ, шаруа қожалықтары арасында «Олжас» ШҚ мен «BeeQueen» ШҚ ең жоғары орындарға ие болды.
Ауыл шаруашылығы басқармасының қызметі егін және мал шаруашылығын дамыту, қайта өңдеу кәсіпорындарының жұмысын қолдау, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі жаңа технологияларды енгізу бағыттарын қамтиды. Басқарманың басты мақсаты – ауыл шаруашылығының өнімділігін арттыру және жергілікті тауар өндірушілердің нарықтағы үлесін көбейту.
Шара соңында өңір басшысы М. Е. Сұлтанғазиев ауыл шаруашылығы мен тамақ өнеркәсібі саласының қызметкерлеріне алғыс білдіріп, олардың еңбегін жоғары бағалады. Ол: «Өңіріміздің өркендеуі мен шаруашылықтың шыңдалуы жолындағы қызметтеріңізде табысты, абыройлы болыңыздар. Дендеріңізге саулық, кәсіптеріңізге береке тілеймін!» – деп барлық қатысушыларға құттықтау тілектерін айтты.
Бұл мереке Алматы облысындағы аграрлық сектордың жетістіктерін көрсетуге және ауыл шаруашылығы саласының дамуына үлкен үлес қосқан адамдардың еңбегін бағалауға зор мүмкіндік туғызды. Облыс ауыл шаруашылығы саласының қарқынды дамуына бағытталған шараларды әрі қарай жалғастырып, еліміздің агроөнеркәсіп кешенінің әлемдік нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруды мақсат етеді.