Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет білім беру саласындағы ірі жымқыруларды тергеп жатыр.
Нәтижесінде Алматы облыстық тексеру комиссиясының басшысы Қарасай ауданы білім бөлімінің бухгалтерінен аудиторлық тексеруде оң нәтиже көрсетіп бергені үшін 1 млн теңге сомасында пара алғаны анықталды.
Осы факті бойынша өңірлік Антикор сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Ал көршілес Жетісу облысында бюджет қаражаты «өлі жандардың» шоттарына ақша аудару және мектеп қызметкерлерінің жалақысын асыра есептеп, кейіннен оларды қолма-қол ақшаға айналдыру мен иемдену арқылы ұрланған.
«Тергеу барысында Алматы облысы Тексеру комиссиясының мемлекеттік аудиторы 500 мың теңге сомасында пара алғаны әшкереленді. Ол Талдықорған қаласындағы мектептердің бірінде аудиторлық тексерістің оң қорытындысы үшін пара алған. Қазіргі уақытта аудитор сотқа тартылды», — деп жазды Антикор.
Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.
Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі.