Алматы облыстық Әкімшілік полиция басқармасы шетелден әкелінген автокөліктердің алғашқы тіркеуінде төленбеген мемлекеттік баж көлемі 13,2 млрд теңгеге жеткенін анықтады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Әкімшілік полиция басқармасының бастығы міндетін атқарушы Еркебұлан Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Ахметовтың айтуынша, мемлекеттік кірістер департаменті шетелден жеткізілген автокөліктерді алғашқы тіркеу кезінде көптеген баж төлемдерінің орындалмағанын анықтаған. Сонымен қатар, жоғары сұранысқа ие мемлекеттік нөмірлердің де бажсыз тіркелуі фактілері тіркелген. 2018-2021 жылдар аралығында барлығы 2 228 автокөлік баж төлемей тіркелген, бұл мемлекетке 13,2 млрд теңге шығын келтірген.
Сонымен қатар, 77 мемлекеттік нөмірдің баж төленбей берілгені анықталып, бұл әрекеттен мемлекетке 36,7 млн теңге көлемінде зиян келген.
«Қазіргі уақытта әкімшілік полиция заңсыз түрде баж төлемдерін өтемеген тұлғалардан оларды өндіріп алу жұмыстарын жүргізуде», — деді Еркебұлан Ахметов.
Алматы облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің Өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы Олжас Отардың мәліметінше, 2024 жылдың 5 қыркүйегіне дейін 505 салық төлеушіден 698 млн теңге өндіріліп үлгерген. Оның 45 млн теңгесі алғашқы тіркеу бажы ретінде 228 салық төлеушіден, ал 653 млн теңгесі 277 салық төлеушіден жиналған.
Бұл шаралар Алматы облысында автокөлік тіркеу саласындағы заңсыздықтарды жоюға бағытталған маңызды қадам ретінде қарастырылып отыр.