Коворкинг жастарға білікті мамандар психологиялық және заңгерлік қолдау, қаржылық сауаттылық бойынша кеңес беріп, NEET жастарының жұмысқа орналасуына қолдау көрсететін болады.
Ашылу салтанатына ҚР Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Қайрат Қамбаров, Алматы облысы әкімінің кеңесшісі Ерлан Жакупов, Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Мәди Ахметов және белсенді жастар қатысты.
Коворкинг орталықтар өңірдегі жастарды әлеуметтендірудің маңызды құралына айналмақ. Жаңа жастар алаңында тегін негізде бизнес-тренингтер, шеберлік сабақтары, кездесулер, көрмелер, үйірмелер және басқа да іс-шаралар өткізу жоспарлануда.
«Бұл орталық жастарға үлкен мүмкіндік пен серпіліс берейін деп отыр. Ғимаратта көпсалалы бөлім, антикафе, фотостудия және коворкинг бөлімдері бар. 14-35 жас аралығындағы барлық облыс жастары мен қонақтары келе алады. Жастармен жұмысты жүргізу үшін арнайы 4 бөлім қызмет атқарады, олар: «Ұйымдастырушылық бөлімі», «Жастар бастамаларын дамыту және NEET тобымен жұмыс бөлімі», «Аймақтар бөлімі» және «Ақпараттық сүйемелдеу және әлеуметтік желілермен жұмыс істеу бөлімі». Бұл төрт бөлім облыс көлеміндегі үлкен жұмыстар атқаратын болады», — деп атап өтті Алматы облысы жастар ресурстық орталығының директоры Кенешев Мақсат Құлтайұлы.
Оның айтуынша, мұндай орталық облыста бірінші рет ашылып тұр. Енді кейін Кеген ауданында да ашылмақ. Осы жылдың бірінші жартыжылдығында тағы да Балқаш ауданында ашылады деп жоспарланып отыр.
Алматы облысы жастар ресурстық орталығының жалдамалы ғимаратының жалпы көлемі 430,0 шаршы метрді құрайды. Ғимаратта жастарға арналған фотостудия алаңы, коворкинг алаңы, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндіру алаңы, антикафе және көпсалалы алаң болады. Жалпы жастар орталығында жылына 10 000 жасқа қызмет көрсетілмек.
«Өте қуаныштымыз. Әртүрлі саладағы жастардың басын қосатын коворкинг алаңы облыста бұрын-соңды болмаған. Оқуға, дамуға мүмкіндік жеткілікті. Тіпті сергіп алғыңыз келсе, тамақтанып, қызықты ойындар ойнауға болады. Осындай жастарға арналған орталықтар көбейе берсін», — деп пікір білдірді орталыққа келген жастардың бірі.
Облыс бойынша 14 жастан 35 жасқа дейінгі жастар саны – 451 мың 343.
Айта кетейік, коворкинг орталығы дегеніміз – ағылшын тілінен аударғанда «co-working» – «бірлесіп жұмыс істеу» деген мағынаны білдіреді. Яғни тың идеяларды дамытуға күш жұмсап жүрген адамдардың басын біріктіретін, арнайы техникамен жабдықталған кеңсе.
Коворкинг алаңын мына сілтемеге өту арқылы көре аласыздар.