Жеті жыл бұрын жобаны дамытуға 700 миллион теңгеден астам инвестиция салынған. Қаражат отандық жемдік қоспалар мен минералды тыңайтқыштар өндіруге, сондай-ақ органикалық йод негізіндегі сусын концентраттарын әзірлеуге бағытталды. Қысқа мерзім ішінде кәсіпорын тек Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерінде де сенімді өндіруші ретінде танылды. Қазіргі таңда минералды тыңайтқыштар 10 литрлік ыдыстарда шығарылады. Кәсіпорын шамамен 20 жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 25 тоннадан астам өнім өндіреді.
Кәсіпорын қызметі ұрпақтар сабақтастығының нақты үлгісі ретінде де ерекшеленеді. Компанияның негізін қалаушы Иван Божков әкесі — Евгений Божков қалыптастырған ғылыми-өндірістік бағытты жалғастырып келеді. Ол шамамен 40 жыл бойы адам мен жануарлар ауруларының алдын алу, анықтау және емдеуге арналған йодорганикалық қосылыстар негізіндегі дәрілік препараттар мен биологиялық белсенді қоспаларды әзірлеумен айналысқан.
Мамандардың айтуынша, йод — адам, жануар және өсімдік ағзасының қалыпты дамуы үшін аса маңызды микроэлемент. «Стеко ЛТД» компаниясымен бірлесіп, құрамына қосымша микроэлементтер енгізілген «Агроцен» биопрепараты жасалды. Бұл өнім өсімдіктердегі йод тапшылығын жылдам толықтырып, олардың түрлі ауруларға қарсы тұру қабілетін арттырады. Препараттың басты ерекшелігі — құрамындағы органикалық йодтың экологиялық қауіпсіздігі. Ол мөлшері артқан жағдайда да уытты әсер етпейді.
Биопрепарат тұқымды егу алдында өңдеуге, сондай-ақ жапырақ арқылы қосымша қоректендіруге қолданылады. Соның нәтижесінде өнім көлемі артып, өсімдіктердің құрғақшылыққа, артық ылғалға, үсікке және көшет отырғызу кезіндегі күйзелістерге төзімділігі күшейеді. Ең жоғары тиімділік өсімдіктердің қарқынды өсу кезеңінде байқалады.
Минералды тыңайтқыштарға арналған тәжірибелік зерттеулер Новосибирск мемлекеттік аграрлық университеті базасында жүргізілуде. Сонымен қатар Алматы облысындағы жылыжай шаруашылықтарында тәжірибелік алқаптар құрылып, препарат тұқымды залалсыздандыруға арналған құрал ретінде және гербицидтермен бірге қолданылатын антидепрессант ретінде пайдаланылды. Зерттеу нәтижелері өнім сапасының жақсарғанын және өнімділіктің артқанын көрсетті.
Ғылыми деректер йод құрамды тыңайтқыштардың экологиялық таза, адам денсаулығына пайдалы әрі микроэлементтерге бай өнім алуға мүмкіндік беретінін дәлелдеп отыр. Бұл тәжірибе бүгінде органикалық өнім өндіруге және экспортқа бағытталған отандық жылыжай кешендерінде сәтті қолданылуда.
2024 жылы кәсіпорын Cert International ұйымы берген ISO 9001 халықаралық стандарты бойынша сертификаттаудан өтіп, сапа менеджменті жүйесінің халықаралық талаптарға толық сай екенін растады.
Қазіргі таңда Kazagrocen компаниясы агроөнеркәсіп саласын дамыту бағытындағы жұмысын жалғастыруда. Алдағы кезеңде өндірістік қуатты арттыру жоспарланып отыр. Ағымдағы жылы балықтарда кездесетін вирустық және бактериялық аурулардың алдын алуға арналған жемдік қоспалар шығаратын жаңа өндірістік желіні іске қосу, қосымша жұмыс орындарын ашу және ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін кеңейту көзделген.
Айта кетейік, өткен жылы қазақстандық шаруалар егіс алқаптарында шамамен 2 миллион тонна минералды тыңайтқыш пайдаланған. Ал әлем бойынша соңғы бес жылда жыл сайын 190–200 миллион тонна тыңайтқыш қолданылады.
Сарапшылардың айтуынша, жоғары өнім беретін заманауи гибридтер мен сұрыптар қоректік заттарға өте сезімтал. Сонымен қатар ауыр техника мен химиялық өңдеулер топырақтың құнарлылығына кері әсер етеді. Сондықтан тұрақты әрі мол өнім алу үшін топырақтағы негізгі микроэлементтердің деңгейін жүйелі түрде толықтыру қажет. Өйткені микроэлементтердің жетіспеушілігі өнім көлемінің азаюына әкелуі мүмкін.






