Пресс-тур барысында олар Қазақстанда салынғалы жатқан АЭС-тің реакторымен танысты.
Содан кейін физиктер АЭС салудың тиімділігі, Су-су энергетикалық реакторының жұмысы жайлы сұрақтарға жауап берді.
Институттың бас директоры Саябек Сахиевтің айтуынша, бұл реактордың 1 және 2-контурында да аты айтып тұрғандай су қолданылады.
«Тұрғындардың қорқып отырғаны – реакторлардағы апаттар. Оқыс оқиға болған Америкадағы, Чернобыльдағы АЭС-да бұл реактор пайдаланылмаған. Қоса кетерлігі, Чернобыльда орын алған апаттан кейін АЭС-на қойылатын талаптар күшейтілген. Мысалы, реакторға ең үлкен ұшақ құласа да, зиян келмейтіндей қондырғылар орнатылған. Мұның барлығы ғалымдардың көпжылдық еңбегінің нәтижесі. Екіншіден, қазандығы түсініксіз себептермен балқып кететін болса, ол үшін де арнайы орын қарастырылған. Сондай-ақ электрониканың дамуына байланысты атомдық реакцияларды бақылайтын қондырғыларға да қойылатын талап күшейген», – деді директор.
Ғалымның сөзінше, Су-су реакторымен жұмыс жасайтын АЭС- сы 1957 жылы Америкада, 1964 жылы Кеңес Одағында ең бірінші шығарылды. Оларды бірінші нұсқа дейтін болсақ, қазір 3+ нұсқадағы реакторлар күннен-күнге дамып келеді.
Ал «Қазақстандық АЭС» компаниясының бас директоры, ғалым Тимур Жантикин АЭС-тің экологияға әсері жайлы сөз қозғады. Оның мәліметінше, кез келген көмірмен жұмыс жасайтын жылу электр стансаларында ауаға реактивті заттар АЭС-нан қарағанда көбірек бөлінеді.
«Бұл туралы бірнеше зерттеу еңбектері бар. Мәселен, «Ланцет» журналында энергия өндірудің бірнеше түрінің адамға әсері жайлы мақалалар жарияланған. Онда тазалығы жөнінен АЭС пен жел электр стансалары алдыңғы қатарда екені жазылған. Тіпті, күн энергия стансаларынан реактивті заттар көп бөлінеді. Сондықтан радиация туралы айтқанда, ғылыми негізге сүйену қажет», – деді ғалым.
Тимур Жантикин қалдықтарды өңдеу бойынша да технологиялар дамығанын алға тартты. Еуропалықтар қолданылған уранды өңдесе, Америкада оны жерге көмеді.
«Қазақстандағы Үлбі зауыты – өңделген уранмен жұмыс жасай алатын жалғыз орын. Кеңес кезінде қатты отынды сол өңделген урандардан шығаратын. Су шығыны болса, салқындату үшін қандай технология қолданылатынына байланысты. Мұндағы мәселе — біз қазір Үлкен ауылы маңындағы Балқашта су қандай көлемде болатынын біле алмай отырмыз. Нақты болжам жоқ. Бұл көлге Іле өзені келіп құятыны белгілі. Бүгінде өзен ауыл шаруашылығы үшін бірнеше арнаға бөлініп кетеді, Балқаш тартылады деген пікірлер бар. Осыған орай, АЭС салғанда қолданылатын «сухие градирни» технологиясы бар екенін айтқым келеді. Бұл технологияда су шығыны болмайды. Мұны көліктің радиаторымен салыстырсақ та болады», — деді Тимур Жантикин.
Қорытындылай келе, ғалымдар Қазақстанның ертеңі үшін алаңдайтын әр тұрғынға АЭС-ның, оның ішінде, Су-су реакторының жұмысын зерттеп көруге кеңес берді. Сондай-ақ олар уранның медицинада, археологияда, құрылыста кеңінен қолданылатынын атап өтті. Айтуларынша, АЭС салу – басқа да өнеркәсіп орындарының ашылуына, ядролық физика ғылымының дамуына оң әсер етеді.
Айта кетейік, Үлкен ауылында АЭС салынса, Қазақстанның 10 пайызы электрэнергиямен қамтылады. Салыстырмалы түрде алғанда, Францияның 70,6 пайыз электрэнергиясын АЭС-лары беріп отыр. Еуропадағы бұл мемлекет әлемде АЭС-да электрэнергиясын өндіру көлемінен 2-орында, ал атом энергиясы бойынша 1-орында тұр, токты экспорттаушы ірі елдердің бірі.