Алматы облысында тұрғындар мен кәсіпкерлер үшін көлік және мүлік салығын төлеу өзекті мәселелердің бірі болып қала беруде. Бұл туралы Алматы облысы Мемлекеттік кірістер департаментінің басқарма басшысы Олжас Отар баспасөз мәслихатында мәлімдеді, деп хабарлайды alataunews.kz.
Олжас Отардың айтуынша, облыс бойынша 35 мыңға жуық азаматтың 2,8 млн теңге көлемінде көлік салығына қарызы бар. Сонымен қатар, 38 мыңнан аса адам мүлік салығы бойынша 34,1 миллион теңге берешекке ие, ал ең көп қарыздар Қарасай, Талғар және Іле аудандарында тіркелген.
“Салықты уақытында төлемеген жағдайда азаматтарға ескерту жасалады. Егер қарыз өтелмесе, іс сот орындаушыларына жіберіліп, борышкердің есепшоттары бұғатталуы мүмкін, бұл қаржылық қиындықтар мен шектеулерге алып келетіні анық,” – деп түсіндірді Олжас Отар.
Сонымен қатар, мүлік және көлік салығы бойынша бірқатар әлеуметтік топтарға жеңілдіктер қарастырылған. Мүлік салығынан босатылған азаматтардың саны 29 211 адамға жетіп, оларға 15,3 миллион теңге көлемінде жеңілдіктер берілген. Сондай-ақ, 20 306 жеке тұлға көлік салығы бойынша 205,4 миллион теңге, ал 11 мыңға жуық шаруа қожалығы 101,2 миллион теңге жеңілдік алды. Жеңілдіктердің басым бөлігі зейнеткерлерге, мүгедектігі бар азаматтарға, Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, көпбалалы аналарға және басқа да әлеуметтік санаттағы азаматтарға арналған.
Облыс бойынша 361 мыңнан аса азамат декларация тапсыруға міндетті. Оның ішінде 250.00 және 270.00 нысанындағы декларацияларды 308 101 азамат тапсырды, бұл жалпы қажеттіліктің 85,3%-ын құрайды. Атап айтқанда, 250.00 нысанын 156 831 адам, ал 270.00 нысанын 151 270 мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор қызметкері тапсырған.
“Декларацияларды уақытында тапсыру – заң талаптарын орындау ғана емес, азаматтардың қоғам алдындағы жауапкершілігін көрсететін маңызды қадам. Бұл біздің қаржылық мәдениетімізді көрсетіп, экономикалық тұрақтылыққа үлес қосады,” – деп қосты Олжас Отар.
Салық департаменті халықты салықтарды төлеу мен декларацияларды уақытында тапсырудың маңыздылығы туралы ақпараттандыру жұмыстарын үнемі жүргізуде.