Биыл Алматы облысында 12 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Оның ішінде 696-ы Алтын белгіге, 1419-ы үздік аттестатқа үміткер. Оқушылардың қорытынды бітіру емтихандары 2-13 маусым аралығында өткізіледі.
«Биыл 10 607 түлек ҰБТ-ға қатысуға ниет білдіріп отыр. Облыста 240 орындық тестілеуді өткізуге арналған 2 пункт жұмыс істейді. Олар Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарында орналасқан», — деді басқарма басшысы.
Сонымен қатар спикер жылдағы дәстүрге сай талапкерлерді тегін оқумен қамту жоспарланып отырғанын айтты. Ол үшін облыс әкімінің тарапынан 150 балаға гранттар қарастырылған. Грант тек бакалаврда оқитын студенттерге ғана емес, медицина саласында оқитын интерндерге де бөлінеді.
Айтылғандардан бөлек, биыл 270 мыңнан астам бала лагерьлерге жіберіледі. Осы мақсатта облыстық бюджеттен 518 млн теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр. Демеушілер мен ата-аналар есебінен 10 000 оқушыға Шарын, Көлсай, Қайынды, Іле-Алатау Ұлттық табиғи парктеріне, «Алтын Адам», «Жамбыл», «Қонаев», «Таңбалы тас» аспанасты музейлеріне және т.б. көрікті орындарға экскурсиялар ұйымдастырылады.