Алматы облысында 60 жыл бұрын салынған ескі амбулатория жаңартылады, деп хабарлайды alataunews.kz.
Бұл мәселені ауыл тұрғыны Турдахун Бакиев «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде көтеріп, амбулаторияның апатты жағдайда екенін және жаңа ғимарат салу қажеттігін жеткізді.
Ауыл тұрғынының айтуынша, халық бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Алайда жағдай сол күйі өзгермеген. 60 жыл бұрын салынған бұл ғимараттың тозығы жеткен. Ал ондағы медициналық қызмет көрсету сапасы қажетті деңгейге сәйкес келмейді.
Қоғамдық қабылдауда Алматы облыстық мәслихат төрағасы, «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев медицина нысанын жаңарту жоспарының бар екенін айтты. Оның сөзінше, 2026 жылы ауылға жаңа блокті-модульдік кешен салу жоспарланып отыр. Жобаға қажетті қаражат мөлшері – 50 миллион теңге.
«Амангелді ауылындағы амбулатория 1966 жылы бейімделген ғимаратта орналасқан. Біздің мақсатымыз – ауыл тұрғындарының сапалы медициналық қызмет алуын қамтамасыз ету. Сондықтан 2026 жылы жаңа блокті-модульдік кешен орнатуды жоспарлап отырмыз. Бұл жоба ауылдағы медициналық инфрақұрылымды жақсартудың маңызды қадамы болады», – деді Қуат Байғожаев.
Сондай-ақ Іле ауданының Ащыбұлақ және Боралдай ауылдық округтерінде заңсыз құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың жиналуы тұрғындар үшін үлкен экологиялық проблемалар туғызуда. Бұл мәселені «Транзит 213» ЖШС-нің бас директоры Нури Мунайтбасов пен басқа да 5 кәсіпорын басшылары AMANAT партиясының қоғамдық қабылдауында көтерді. Олардың айтуынша, қалдықтар Үлкен Алматы өзенінің аңғарын ластап, су мен топырақтың сапасына кері әсер етіп жатыр.
Қоғамдық қабылдауға келген Экология департаменті жағдайдың ауырлығын растады. Халық заңсыз қоқыс үйінділері көп жылдан бері шешілмей келе жатқан проблемаға айналғанын айтты. Бұл мәселені шешу үшін нақты шаралар қабылдауды сұраған тұрғындар өзеннің экологиялық жағдайының нашарлап кеткенін жеткізді.
AMANAT партиясының Алматы облыстық филиалының төрағасы Қуат Байғожаев бұл мәселеге дереу назар аударып, оның шешілуі үшін барлық қажетті шараларды қабылдайтынын мәлімдеді.
«Кәсіпкерлердің көтеріп отырған мәселесі өте маңызды және біз оны бірден назарға алдық. Құрылыс және тұрмыстық қалдықтардың заңсыз жиналуы экологияға үлкен зиян келтіруде. Біз бұл жағдайды бақылауға алып, жауапты органдармен бірлесе отырып, қалдықтарды жою және аумақты қалпына келтіру бойынша нақты іс-шаралар бастаймыз. Экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз ету үшін жергілікті әкімдік пен тиісті органдарға тапсырма берілді. Бұл жағдайдың бұдан әрі қайталанбауы үшін тиісті бақылау жүргізіледі», – деді ол.
Сонымен қатар Қуат Байғожаев заң бұзғандарға қатысты қатаң шаралар қолданылатынын атап өтті. Экология департаменті жүргізген тексеріс барысында заңсыз қоқыс жинаған тұлғаларға айыппұл салынып, әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Жақын арада Үлкен Алматы өзені маңындағы заңсыз қоқыс үйінділері толықтай жойылып, аумақ рекультивацияланады.
Айта кету керек, тұрғындардың көтерген маңызды сұрақтары партия басшылығының назарында. Партия өкілдері аталмыш мәселелер бойынша алдағы уақытта қажетті шаралар қабылданатынын айтты.