Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Керім Әлібектің айтуынша, 2024 жылы өңірде 1470 алаяқтық дерегі тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 1711-ге жеткен. Осылайша, алаяқтық қылмыстар саны 16,4 пайызға артқан.
Сонымен қатар, интернет-алаяқтыққа қатысты қылмыстар саны азайғаны атап өтілді.
«2024 жылы Алматы облысында интернет-алаяқтықтың 75 фактісі тіркелсе, 2025 жылы бұл көрсеткіш 35-ке дейін төмендеді. Бұл жүргізіліп жатқан профилактикалық шаралардың оң нәтижесін көрсетеді», – деді Керім Әлібек.
Полицейдің айтуынша, алаяқтар жиі қолданатын негізгі схемалар қатарында SMS-кодтарды алдап алу, жалған инвестициялық жобалар арқылы табыс уәде ету, жалған интернет-дүкендер, сондай-ақ делдалдық сипаттағы «дропперлік» схемалар бар.
«2025 жылы күмәнді шоттардағы 39 миллион 680 мың теңгені уақытылы бұғаттау мүмкін болды. Оның ішінде 18 миллион 269 мың теңге зардап шеккен азаматтарға қайтарылды», – деп мәлімдеді ол.
Сондай-ақ құқық қорғау органдарының мәліметінше, өткен жылы 3750 жалған сайттың қызметі тоқтатылған.






