Жыл басынан Алматы облысының Ішкі істер департаменті және жеке сот орындаушылар палатасы бірлесіп салықтық берешегі бар борышкерлер бойынша 93 рейдтік іс-шара жүргізген. Нәтижесінде 77 тұлғадан бюджетке 16,3 млн. теңге өңдірілді.
«Ал былтыр жеке сот орындаушылар борышкерлерден 623,2 млн. теңге өңдірді. Әкімшілендіру жұмыстарының нәтижесінде өткен жылдардағы қарызы бар жеке тұлғаларды қоса алғанда 159 063 жеке тұлғадан 2,7 млрд. теңге салық өндірілді. 2022 жылы Алматы облысы бойынша жергілікті бюджетке жеке тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салықтан 6,2 млрд теңге түсті», — деп жазды облыстық мемлекеттік кірістер департаменті.
Сондай-ақ департамент мамандары қарыз туындаған кезде арнайы хабарлама жіберілетінін хабарлады.
«Хабарлама жіберілген соң 30 жұмыс күнінің ішінде қарыз төленбесе, салықтық бұйрық шығарылып, тұрғындарға қайта жолданады. Салықтық бұйрықты алған соң 5 жұмыс күнінің ішінде төленбеген жағдайда бұйрық жеке сот орындаушыларға жіберіледі. Сот орындаушылары банк есеп — шоттарын бұғаттап, жылжымалы және жылжымайтын мүліктеріңізге шектеу қояды. Салық берешегі 40 АЕК асқан кезде ҚР-нан шығуға шектеу қойылады. Содан соң көлік құралдарын айып тұрағына апару туралы шешім шығарады», — делінген хабарламада.