Баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға Балқаш ауданы Желтораңғы ауылында орын алған.
«3 сәуір күні сағат 15.50-де Алматы облысы ТЖД кезекші бөліміне Балқаш ауданының Желтораңғы ауылдық округінде қамыс, бұталар және ағаштар жанып жатқаны, өрттің алдын ала аумағы 20 Га құрайтыны туралы хабарлама түсті. Оқиға орнына ТЖ департаментінің күштері мен құралдары дереу жіберілді», — делінген мәліметте.
Мамандардың сөзінше, қабылданған шаралардың арқасында бір учаскедегі өрт сағат 21:30-да сөндірілді, елді мекенге ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Шамамен 5 га құрайтын өрт ошақтарын сөндіру жұмыстары күн батқанға дейін жалғасты. Түнде өрттің таралу қаупін болдырмау мақсатында ауыл маңайында күзет қойылды.
«Ал бүгін сағат 7.50-де өртенген алқапты аралау, сондай-ақ дронды қолдану арқылы аэровизуалды тексеру жүргізіліп, жану ошақтары анықталмады. Департамент қызметкерлері қарапайым құрал-жабдықтар, аспалы өрт сөндіргіштерді қолданды. Өрттің нақты ауданын және келтірілген материалдық залалды жергілікті атқарушы органдар мен орман шаруашылығы қызметкерлерінен құрылған арнайы комиссия белгілейтін болады», — деп жазды ТЖД.
Өртті сөндіру жұмыстарына ТЖ департаментіннен, жергілікті атқарушы органдардан, Күрті және Балқаш орман шаруашылықтарынан 88 қызметкер және жүзу құралы мен мотопомпаларды қоса алғанда 24 бірлік техника жұмылдырылды.